Рамазан сұхбаты... Ораза тұтып денсаулыққа қауышыңыз (1)
2016 жылдың 3 қазан күні медицина және физиология саласындағы ғалымдарға Нобель сыйлығы берілді. Жеңімпаз жапониялық Ёсинори Осуми. Ол «Аутофагия механизмін ашқаны үшін» марапатталды.
Аутофагия (грек тілінде «өзін-өзі қоректендіру») – тірі ағзадағы клетка ішілік құрылымдарды жаңартатын механизмдердің бірі, яғни клетка ішілік физиологиялық жаңару.
Қажетсіз заттардан арылу ағзаға қосымша күш-қуат береді. Бұл үдеріс аштық кезінде қарқынды жүреді.
Ғалым ағзаның аштық кезінде өзін-өзі тазартатынын тәжірибе арқылы дәлелдеді. Бұл үдерісті микроскоппен көру мүмкін болмағандықтан, Осуми ашытқы саңырауқұлағын жасанды жолмен өсіріп, оның жасушасындағы аутофагияға жауап беретін вакуольдің қызметін жойып, ағзаны ашықтырды.
Зерттеу барысында саңырауқұлақтың вакуолі зақымданған ақуыздар мен органикалық заттарды жоятын аутофагосомаларға толып кеткен.
Осы арқылы ғалым ағзаға аштық жариялап тұру арқылы оны тазартуға болатынын дәлелдеп шықты.
Осумидің 1990-2000 жылдары зерттеген еңбегі аутофагияның маңызды физиологиялық үдеріс екенін түсіндірді.
Ағзаның өзін-өзі тазартуы оны түрлі вирустар мен қауіпті заттардан, ерте қартаюдан сақтайды. Себебі, ол кезде жарамсыз ақуыздар, жасушадағы зақымдалған элементтер ағзадан шығарылып, ретке келтіріледі.
Аутофагияның бұзылуы Паркинсон ауру мен қатерлі ісікке әкеледі.
Жапондық ғалымның жаңалығы гендік инженериямен бірлесе отырып, заманауи медицинаның күші жетпей отырған ауруларды емдеуге жол ашуы мүмкін.
(Жалғасы ертең...)