Әңгіме... Шоқанның Саққұлақ шешеннен бата алуы
Жазда ауылына демалысқа келген Шоқан Саққұлақ шешенді қонаққа шақырып, бірнеше күн оның тағылымды əңгімелерін тыңдайды. Дидарласу кезінде жас Шоқан қонаққа тосыннан сұрақтар қойып:
– Ақсақал, біреу жолдан адасса, кімнен ақыл сұрайды? - дейді.
– Шырағым, көнеден сұрайды.
– Көне адасса кімнен сұрайды?
– Көне адасса көргендіден сұрайды.
– Көргенді адасса, кімнен сұрайды?
– Көргенді адасса, көптен сұрайды.
– Көп адасса, кімнен сұрайды?
– Көп адасса, көп оқығаннан сұрайды.
– Көп оқыған адасса, кімнен сұрайды?
– Көп оқыған неге адассын! Əлгінде ғана Сатыбалдының Жаманқұлына күдіктеніп, оның Үмбеталы жырау туралы дастанын өзің де меннен сұрап анықтап алған жоқпысың? – дейді шешен. Содан соң:
– Асылы, ақыл – адамды аздырмайтын ем.
Білім – таусылмайтын кен.
Адамның басшысы – ақыл.
Жетекшісі – талап.
Шолғыншысы – ой.
Жолдасы – кесіп.
Қорғаны – сабыр.
Қорғаушысы – мінез.
Біліп туған бала екенсің,
Тумысыңнан дана екенсің, – дейді Шоқанға риза болған шешен.