Untitled Document

Рамазан сұхбаты... Әдеп деген не?

Сұрақ: Әдептің дініміздегі орны кандай? 

Жауап: Әдеп – жақсы тәрбие, жақсы мәміле, көркем мінез, ұяттылық, нәзіктік, сыпайылық деген мағыналарға келеді. Мысалы тәрбиелі бала – әдепті бала дегенді білдіреді. Хадис шәрифте: «Бала-шағаларыңды әдепті, тәрбиелі етіп өсіріңдер» делінген. Дініміздің  негізі әдеп. Әдеп – құл өзін Аллаһу та’аланың қалауына бағындыруы, жақсы мінезді болуы дегенді білдіреді. Хадис шәрифте «Араларыңдағы ең жақсыларың – ең көркем мінезді болғандарың» делінген.

Хазреті Омар «Әдеп – ілімнен бұрын келеді» деген. Ол өте айбатты болуына қарамай, әдептілігінен, ұяттылығынан Расулуллаһтың жанында өте ақырын сөйлейтін еді. Пайғамбарымыз да бір адамның жанында тізерлеп отыратын, ол адамға құрмет көрсету үшін мүбәрәк аяғын тік көтеріп отырмайтын еді. Әбу Саид Худри  хазрет «Расулуллаһтың ұяты бойдақ ислам қыздарының ұятынан да көп еді» дейтін.

Ибн Мүбәрәк хазрет «Барлық ілімдерді білетін адамның әдебінде кемшілік бар болса, онымен көріспегеніме өкінбеймін, мұны өзіме зиян деп білмеймін. Бірақ әдепті адаммен көрісе алмасам, өкінемін» дейтін. 

Әдеп – өзін-өзі кез-келген ортада ұстай білу, шектен асып кетпеу деген сөз. Отбасында, жұмыс орнында, қоғамда барлық жердің бір шекарасы, ережесі бар. Барлық қиындықтар мен адамдармен сыйыспаушылықтар үнемі шектен асып кетуден пайда болады. Әркім өзінің шегін (орнын) біліп, шамадан тыс кетпесе, мысалға, бір үйдің әйелі мен күйеуі де өздерінің шегінен аспай, соған сәйкес әрекет етсе, ол үй жәннаттай болады. Жәннаттай болған үйден ахиретке көшкендер де әлбетте жәннатқа кетеді. Әрбір мәселеде дініміздің әміріне мойынсұнып, соған сәйкес әрекет еткен адам шамасын біліп, шегінен аспаған болады. Ондай жағдайда ұрыс-керіс те, сыйыспаушылық та, төбелес те болмайды. Дүние гүл бақшасына айналады. Барлық нәрсенің шегін дініміз көрсеткен.