Рамазан сұхбаты ... Ауызашар берудің сауабы
Хадис шәрифте: «Рамазанда бір қонаққа ауызашар бергенге Сырат көпірін өту оңай қылынады» делінген (Уәсиләт-ун-нажат). Ораза тұтқан кісіге бір құрма немесе бір кесе сүт берген адам да ауызашар бергендей сауапқа ие болады. Пайғамбарымыз: «Кімде кім Рамазанда ораза тұтқан кісіге ауызашар берсе, күнәлары кешіріледі. Ораза тұтқан кісінің сауабына тең сауап оған да беріледі» дегенде сахабалардың кейбіреулері бір адамға ауызашар беретін мүмкіндіктері жоқтығын айтты. Оларға жауап ретінде: «Бір құрмамен ифтар (ауызашар) бергенге де, бір ғана сумен ауыз аштырғанға да, аз ғана сүт бергенге де бұл сауап жазылады» деді. (Бәйһақи)
Ас беру өте сауапты амал. Әсіресе ораза тұтқан кісілерге берілетін болса, сауабы мыңдаған есе артады. Ораза тұтқандардың сауабындай сауап алады. Тамақ беруді, қонақ күтуді ғанибет деп білу қажет! Хадис шәрифтерде былай деп айтылды:
«Амалдардың ең үстемі мұсылманның айыбын жасыру, қарнын тойғызу және қажеттілігіне көмектесу арқылы оны қуанту». (Исфахани)
«Аллаһу та’ала жұртқа ас берген жомарт құлымен періштелеріне мақтанады». (Имам Ғазали)
«Қонақ дастархан басынан тұрып кеткенше періштелер үй иесіне дұға қылады». (Табарани)
«Жәннатта сондай әдемі сарайлар бар, олар жылы жүзді, жұмсақ мәмілелі, қонақжайлы және ел ұйықтағанда намаз оқитындарға арналған». (Тирмизи)
«Досына оның жақсы көретін тағамын жегізген кісінің күнәлары кешіріледі». (Бәззар)
Достарына ас беріп, дастархан жаю садақа беруден абзал және сауапты. Хазреті Әли айтады: «Достарыммен жеген бір наным кедейлерге берген бес нанымнан да қымбат. Достарыммен жеген ас құлды азат етуден де артық».
«Ол мені қонаққа шақырмаған, мен де шақырмаймын» деп айтпау керек. Қонаққа шақыруда да, баруда да тек Аллаһ ризалығын мақсат ету қажет!