Untitled Document

Рамазан сұхбаты... Ораза кезінде нені білуіміз керек?

     Оразаны бұзбайтын бірақ сауабын азайтатын нәрселерден де сақтану керек. Ораза тұтқандарға уәделенген үлкен сауапқа кенелу үшін бұл шарт болып табылады.

     Бір  ғибадатты орындағанда ол ғибадаттың парыздарын, уәжіптерін, сүннеттерін, мәкрухтарын және муфситтерін (яғни ол ғибадатты бұзатын нәрселерін) де білу керек. Бұларды білмей жасалған ғибадат толық болмайды. Тіпті ғибадат еттім деп ойлағаның бұзылып, ғибадат болудан шыққан болуы мүмкін.

     Мәселен оразаның парыздарының бірі оразаның бастапқы уақытынан соңғы уақытына дейін (яғни күн шығып батқанға дейін) оразаны бұзатын нәрселерден тыйылу. Бастапқы уақыты мен соңғы уақытының арасында бір нәрсе ішіп жейтін болса ораза бұзылады. Сондықтан оразаның парыздарын, мәкрухтарын және муфситтерін (яғни оразаны бұзатын жағдайларды) және бұзбайтын жағдайларды жақсы білу керек.

 

Оразаның сауабын жоятын бес нәрсе

       Хадис шәрифтерде былай бұйырады:

    «Бес нәрсе оразаның сауабын жояды: өтірік айту, сөз тасу, ғайбаттау, (бөтен әйелге) құмарлықпен қарау және өтірік ант ішу».

    «Ғайбат еткен адамдардың оразасы ақиқатта ораза емес» (Яғни тек ораза борышынан құтылады, уәделенген сауапқа қауыша алмайды).

    Пайғамбарымыз:

    «Ей, Раббым, тілімді жалғаннан, көңілімді (жүрегімді) күпірліктен, амалымды риядан, көзімді қиянаттан тазала және сақта! Көңілден өткендер сенен жасырын емес» деп дұға етуімізді кеңес беретін.

    Сондықтан ораза тұтқан адамның риядан (ел көрсін деген ниеттен) ұзақ болуы, тек Аллаһ разылығын көздеуі керек.