Untitled Document

Рамазан сұхбаты ... Оразаның парыздары

Бір ғибадатты орындаған кезде ол ғибадаттың парыздарын, уәжіптерін, сүннеттерін, мәкрухтарын және муфсидтерін, яғни бұзатын себептерін білу керек.  Бұларды білмейтін адамның ғибадаты дұрыс болмайды. Сондықтан да оразаның парыздарын, мәкрухтарын және муфсидтерін, яғни оразаны бұзатын және бұзбайтын себептерді жақсылап үйреніп алу қажет. Оразаны бұзбайтын, бірақ сауабын азайтатын нәрселерден де сақтанған жөн.

Оразаның парызы үшеу:

  1. Ниет ету.
  2. Ниетті алғашқы және соңғы уақыт арасында жасау (Яғни бір күн бұрынғы «ақшам» уақытынан (күн батқаннан) ертеңіне ораза күнінің «дахуа» (бесіннен бір сағаттай бұрын) уақытына дейін Рамазан оразасына жүрекпен ниет ету парыз).
  3. Таңнан күн батқанша оразаны бұзатын нәрселерден сақтану.

Хадис шәрифтерде былай делінді:

«Бес нәрсе оразаның сауабын жояды: өтірік айту, сөз тасу, ғайбат, бөтен әйелге құмарлықпен қарау және жалған ант ішу».

«Кімде-кім Рамазан айында ораза тұтуды парыз деп біліп, оразаның сауабын Аллаһу та’аладан күтсе, өткен күнәлары кешіріледі».

Демек, оразаның Аллаһтың бұйрығы екендігіне сену және сауап күту қажет.

Ауыз ашарда

Сұрақ: Оразада ауызды немен ашу керек?

Жауап: Сүннет болғаны құрма, су немесе сүтпен ашу. Бұлар жоқ болса, жеміс-жидекпен немесе көкөніспен ашуға болады. Отта піскен нәрсемен, мысалы нанмен, шаймен, сорпамен ашпау керек. Хадис шәрифте: «Оразаларыңды құрмамен ашыңдар, өйткені ол береке. Егер құрма табылмаса онда сумен ауыз ашыңдар, өйткені ол тазалаушы» делінген. (Ибн Мажә)

Осы тақырыпта тағы да үш хадис шәриф:

«Пайғамбарымыз жас (жаңа піскен) құрмамен аузын ашатын. Жас құрма болмағанда, кепкен құрмамен, ол да жоқ болса сумен ауыз ашатын». (Тирмизи)

«Пайғамбарымыз аузын сүтпен де ашатын». (Дара Қутни)

«Пайғамбарымыз үш құрмамен немесе от тимеген бір нәрсемен ауыз ашатын». (Әбу Яла)