Ғибрат... Табылған сөз
Ертеде бір қайырымды саудагер сараң бір кісінің құдығын сатып алады. Мақсаты құдық суын кедейлерге садақа қылмақ екен. Ертеңіне суға келсе, құдықтың бұрынғы иесі жолын кес-кестейді.
Арам оймен: «Мен саған құдық сатқаныммен ішіндегі суын сатқан жоқпын. Егер су алғың келсе, онда оның ақшасын төле» – дейді.
Оған саудагер сөзден тосылмай: «Маған құдықтың өзін ғана сатқан болсаң, онда ішінде суыңды қалдыруға хақың жоқ. Судың бәрін алып кет немесе құдығымды жалға алып ақшасын төле», – дейді.
Сөзден жеңілген сараң аузына құм құйылып, арам ойын іске асыра алмаған екен.
Күлімдейік...Айтқанын екі етпеу
Бір әйелге қонаққа келген құрбылары: «Осы сенің күйеуіңе деген ерекше құрметің бар. Айтқан сөзін екі етпейсің. Мүлтіксіз орындайсың. Сенің осындай халіңе әрі таңданып, әрі қызығып қараймыз», – дейді. Сонда әлгі әйел: «Мұның сырын айтып берейін сендерге», – деп әңгімесін бастайды. «Құда түсіп, ұзату тойы біткеннен соң, мені үйіне алып кетерде күйеуім мені бір атқа мінгізіп, өзі басқа атқа мінді. Үйге келе жатқанымызда мен мінген ат аздап сүрінеді. Күйеуім атқа қарап: «Бір», – деді. Жарты жолдан асқанымызда, атым тағы бір шалынады. Күйім артқа қарап: «Екі», – деді. Тағы біраз жүріп, атым тағы бір сүрінгенде күйеуім аттың қасына келіп «Үш», – деді де, мылтықпен атты атып өлтірді. Мен: «Аттың не жазығы бар, атты неге өлтірдің?» – дей бергенімде маған қарап: «Бір», – деді. Сол күннен бері «екі» деп айтқызған емеспін», – деген екен.