Untitled Document

Күннің тарихы... Бәрат түні

Бәрат түні – Шабан айының 15-ші түні. Құран кәрім Ләухул махфузға осы түні түсті. Аллаһу та’ала бұрын ешнәрсе жаратпастан бұрын  жарататын нәрселерінің барлығын қалады. Олардың бір жыл ішінде болатындарын осы түні періштелерге хабар берді. Бұл түн – рақымдылық есіктері ашылып, дұғалар қабыл болатын төрт түннің бірі. Расулуллаһ бұл түні көп ғибадат жасап, дұға оқитын. «Аллаһуммәрзуқнә қалбән тақийән минәш-ширки бәрийән лә кафирән уә шақийән» дұғасын көп оқитын еді (Риад-ун-Насихин). Шабан айында ораза тұту үлкен сауапты іс.

Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Бұл түні көктердің есіктері ашылады, періштелер мұсылмандарға сүйінші айтады, ғибадатқа шақырады. Бәрат түнінде көп ғибадат жасаңдар! Әйтпесе қияметте өкінесіңдер». (Нәсаи, Бәйһақи, А.Мунзири)

«Бұл түні мұсылман туысымен байланысын үзгендер, өзін жоғары санағандар және ата-анасына қарсы шыққандар кешірілмейді». (Бәйһақи)

Хазреті Айша анамыз «Йа, Расулаллаһ, Аллаһу та’ала сізді күнә істеуден сақтағанымен, неліктен Бәрат түнінде көп ғибадат еттіңіз?» деп сұрады. Пайғамбарымыз жауап берді:

«Шүкір етуші құл болмайын ба? Бұл жылы туылатын барлық бала осы түні дәптерге жазылады. Бұл жылы өлетіндердің есімдері осы түні жеке дәптерге жазылады. Осы түні барлық адамның бір жылдық ризығы бөлінеді. Осы түні барлық адамның істегендері Аллаһу та’алаға ұсынылады». (Ғүния)

Хазреті Хасан Басри Шабанның 15-ші күні мазардан шыққандай жүзі бозарып тұратын. Бұл қайғысының себебін сұрағанда «Илми яқинмен білемін, күнәларым бар. Күнәм кешірілмесе, сауаптарым да қабыл болмаса, жағдайым не болмақ деген қорқыныштан жүзім бозаруда», – деп жауаптаған екен.