Тарих... Отырар
Ертеден шығыс әлеміне танымал болған қала. Кейбір деректерге қарағанда осыдан екі жарым мың жыл бұрын оның орнында алғашқы қоныстар болған. VІ – VІІІ ғасырларда Отырар Сырдария өзенінің орта ағысындағы саяси орталық болды. Кейін ІХ – ХІІ ғғ. сол аймақтың басты қалаларының біріне айналады. Отырар Қазақ хандығы заманында мәдениеті мен экономикасы жақсы дамыған орталықтардың бірі болған. Отырар қаласының гүлденіп, орта ғасырдағы ірі қала орталығына айналуына оның орналасқан орны үлкен әсер етті. Бұл қаланың тез өсуіне қолайлы жағдай жасаған Ұлы Жібек жолы болды. V – ХV ғғ Отырар қаласы Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын орталыққа айналды. Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Монғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала болды. Отырарға жан-жақтан көпестер келіп-кетіп жатты. Мұнда медреселер, базарлар, ұстаханалар, тіпті қонақ-үйлер мен мешіттер, монша, сауда дүкендері жұмыс істеген. 1218 жылы Шыңғыс хан басқарған Моңғолдың қалың қолы Қазақстанның Жетісу өңіріне аттанды. Бірнеше қала, мыңдаған халық, мал-мүлік моңғолдардың олжасына айналды.
Әуезхан Шашаев былай дейді: «Отырарды қазғанбыз. Сол кезде көптеген мұралар табылды. Құбырлар арқылы сырттан су кірген. Лай суды сыртқа шығарған. Сонан кейін қоқыс төгетін арнайы ұңғымалар болған. Олардың барлығы қаланың тазалығын сақтау үшін, жұқпалы аурулар таралып кетпеуі үшін жасалынған болатын. Сырдария мен Арыс өзендерінің сағасындағы оазисте орналасқан Отырар жұртына географиялық жағдай өте қолайлы еді. Отырардың маңында жер суаратын мелиорациялық жүйе болған. Айнала шексіз дала. Малшыға да, диқанға да ыңғайлы. Өзен аңғары шалғынды шөптерге, итмұрын өсінділеріне бай».