Сұхбат Құл (кісі) ақысы
Мұсылманның міндеттерінің бірі құл (кісі) ақысына мән беру. Яғни ешкімнің ақысын жемеу. Құл ақыларының ең маңыздысы – ұстаз және ата-ана ақысы. Олармен әрдайым жылы жүзді, жылы сөзді, жұмсақ мәміледе болуға, көмектесуге асығуға, олардың көңілдерінен орын алуға, разылығын, батасын алуға тырысу керек. Одан кейін көрші ақысы, ерлі-зайыптылардың бір-біріне ақысы, үкімет ақысы, дос ақысы келеді.
Өтірік айтпау керек, ешкімді алдамау, өлшем құралдарын (таразыны) дұрыс қолдану керек, жұмысшының ақысын уақытында беру керек. Қарызын қайтармау, мінген автобус және осыған ұқсас көліктердің жол ақысын төлемеу қиянат болып табылады.
Кәпірдің ақысынан құтылу – мұсылманның ақысынан құтылудан да қиын. Сондықтан кәпір-мұсылман деп бөлмей, барлығына жақсылық жасау керек. Адамның өзгеге зиян тигізуі, мал-мүлкін ұрлауы және жеп қоюы, жала жабуы, ұруы, сөгуі, жаралауы, ақысыз біреудің баласына жұмыс істетуі, мазақ қылуы, ғайбаттауы, ренжітуі, қолымен де, тілімен де қорлық көрсетуі құл ақысына жатады.
Құл ақыларынан құтылу үшін ақы иесіне барып ақыларын өтеген жөн. Ақы иесімен халалдасуы, оған жақсылық жасауы және дұға етуі керек. Егер ақы иесі қайтыс болса, оның балаларына, мирасқорларына ақысын өтеуі, оларға жақсылық жасауы керек. Егер мирасқорлары белгілі болмаса, сол мөлшердегі ақшаны кедейлерге садақа ретінде таратып, сауабын ақы иесіне бағыштауы қажет.
Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Мойнында құл ақысы бар адам өлмей тұрып ақысын өтеп, халалдассын! Өйткені ахиретте алтынның, малдың қадірі болмайды. Ол күні ақыларын өтеп болғанға дейін өз сауаптарынан алынады, сауаптары қалмаса ақы иесінің күнәлары оған жүктеледі». (Бұхари)