Сұхбат... Пайғамбарымызға салауат айту
Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам – Аллаһу та’аланың елшісі әрі пайғамбарлардың ең мәртебелісі және соңғысы. Мұсылмандардың пайғамбарымызға салауат айту арқылы шапағатына қауышуға үлкен мүмкіндік болмақ.
«Салат» – дұға деген сөз. Ал «салауат» дегеніміз «салат» сөзінің көпше түрі, дұғалар дегенді білдіреді. Салауат қысқаша: «Аллаһүммә салли ала Мухаммәд уә ала әли Мухаммәд» деп айту. Пайғамбарымыздың есімі айтылғанда «алейһиссалам», «алейһиссалату уәссәләм» немесе «саллаллаһу алейһи уәсәлләм» деп айтумен де Пайғамбарымызға дұға етілген, яғни салауат айтылған болады.
Бір аяти кәримада былай делінеді:
«Аллаһ және періштелері Расулуллаһқа салат етеді. Ей иман келтіргендер! Сендер де шын көңілден, беріліп, Оған салат етіңдер, салауат айтыңдар». (Ахзаб 56)
Аллаһтың салат етуі – рахмет етуі, періштелердікі – дұға етуі, мұсылмандардікі болса оның шапағатын сұрауы деген сөз.
Көргеніміздей Расулуллаһқа салат, яғни салауат айтуымызды Аллаһу та’ала тікелей өзі Құран кәрімде әмір етуде. Сондықтан Расулаллаһ алейһиссаламға өмірде бір рет салауат айту парыз. Есімі аталған кезде, яғни оқығанда, жазғанда, естігенде ең алғашында бір рет салауат айту – уәжіп, кейінгілерде айту мүстаһаб болады.
Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Маған бір рет салауат айтқан адамға Аллаһ және періштелері жетпіс салауат айтады». (И. Ахмед)
«Шапағатыма ең лайықты болғандарың – маған ең көп салауат айтатындарың». (Тирмизи)
«Маған көп салауат айтқан адамның дерттері кетеді, күнәлары жойылады». (Тирмизи)