Untitled Document

Сұхбат... Бүкіл жамандықтардың басы

Бүкіл жамандықтардың басы, негізі арақ екендігі аяти кәрима және хадис шәрифтерде айтылған. Хақ та’ала Құран кәрімде «Ей иман келтіргендер! Арақ, құмар, табынушылыққа тігілген тастар (пұттар), пал ашу оқтары – шайтанның амалынан саналатын нәжістер. Сондықтан  құтылу үшін олардан сақтаныңдар!» деп бұйырылады. (Маида 90)

Хадис шәрифтерде де алкогольді ішімдіктер қатаң түрде жамандалған. Ислам ғалымдары алкогольді ішімдіктердің зиянын былай білдірген:

Арақ ішкен адам жындының бір түріне айналады. Адамдардың күліп, мазақ етуіне себепші болады. Айналасындағы адамдардың алдында қадірі қалмайды. Адамның ұятын, ар-намысын жояды. Өйткені хадис шәрифте: «Арақ ішкен адамның ұят пердесі жыртылады, шайтан оған жолдас болады, әр түрлі жамандыққа жол ашады және жақсылыққа тосқауыл болады» делінген.

Арақ достардың, ағайын-бауырлардың арасында дұшпандыққа себеп болады. Өйткені Аллаһу та’ала Құран кәрімде «Шайтан арақ және құмарда тек араларыңа дұшпандық пен іріткі салуды көздейді» делінеді. Өлімі алдында оның бұл халі имансыз кетуіне себеп болады. Өйткені өлімнің қашан келетіні белгісіз. Хадис шәрифте «Арақ пен иман бір жерде болмайды, бірі екіншісін алыстатады» делінеді.

Бұл аталған зияндар – тек дүниедегі жазалары. Сондай-ақ ақыретте де жазалары бар. Бұлар өте көп. Дүниедегі зияндарымен салыстыруға келмейді және өте ауыр. Сонымен қатар бірі өткінші, ал бірі шексіз. Ақыл-есі бар адам бұл дүниенің санаулы зауықтарын ақыреттің мәңгі, шексіз зауықтарына ауыстыруы мүмкін емес.

Сахабалардан хазреті Абдуллаһ Ибн Мәсуд «Өкініштердің ең үлкені және ең зияндысы – қиямет күніндегі өкініш. Азықтардың ең жақсысы – тақуалық. Ішімдік – күнәлардың шақырушысы. Жастық – жындылықтың тармағы, бөлігі» деген.