Untitled Document

Сұхбат... Төрт мазһаб имамы және басқа ғалымдар

Ақида, яғни сенiмде, имандылықта хақ бiр ғана жол бар. Бұл жол “Әһли сүннәт уәл жамағат” мазһабы. Мазһаб – жол дегенді білдіреді. Дүние жүзiндегi барлық мұсылмандарға түзу жолды көрсеткен және Мухаммед алейһиссаламның осы жолын ешқандай өзгертпей, кемшiлiксiз жетуiне себепшi болған төрт ғалым бар. Бұлардың бiрiншiсi, Әһли сүннеттiң басшысы Имам Ағзам Әбу Ханифа Нұғман бин Сабит. Екiншiсi Имам Малик бин Әнас, үшiншiсi Имам Мұхаммед бин Идрис Шафии, төртiншiсi Имам Ахмед бин Ханбал, Аллаһ олардан разы болсын. Бүгінгі таңда бұл төртеуiнiң біреуінің жолына ермеген адамның ахиреті өте үлкен қауiп-қатерде.   

Бұл төрт имамның шәкiрттерiнен екеуi иман саласында үлкен дәрежелерге шықты. Сондықтан әһли сүннет ақидасы, сенімі екi мазһабта қалыптасты. Құран Кәрiм мен хадис шәрифке сай болған иман, сенім, ақида осы екi ғалымның білдіргендері болды. Фырқа-и нажийа (тозақтан құтылған топ) болған әһли сүннеттiң иман негіздерiн жер жүзiне жайған осы екi ғалым. Бiрi - Әбу Мансур Матуриди, ал екiншiсi Әбул Хасан Әли Әшари.  

Бұл екi имам білдірген иман негiздерi бiрдей болып, араларында тек бiр-екі ғана айырмашылық бар. Ислам ғалымдары Құран кәрiмде және хадис шәрифтерде мадақталған. Бір аятта былай делiнедi: «Бiлетiндер мен бiлмейтiндер тең бола ма?» Басқа бiр аятта болса: «Ей, мұсылмандар! Бiлмегендерiңдi бiлгендерден сұраңдар!» - деп бұйырылды. Хадис шәрифтерде болса: «Аллаһу та’ала перiштелер және әрбiр жан, адамдарға жақсылықты үйреткен мұсылмандарға дұға етедi.» «Қиямет күнi алдымен пайғамбарлар, кейiн ғалымдар, одан кейiн шәһидтер шапағат етедi.» «Ей, адамдар! Бір нәрсені жақсы ұғып алыңдар! Ілім тек ғалымнан есіту арқылы үйреніледі.» «Ей, адамдар, iлiм үйренiңдер. Ілiм үйрену ғибадат. Ілiм үйреткенге және үйренгенге жиһад сауабы беріледі.» «Ілiм үйрету садақа беру сияқты. Ал ғалымнан iлiм алу болса, тәһажжуд намазын оқығанмен бірдей болады.» «Ілiм алудың бүкіл нәпiл ғибадаттардан да сауабы мол. Өйткенi өзiне де, үйрететiн адамдары үшiн де пайдасы бар.» «Басқаларға үйрету үшiн үйренген кісіге сыддықтар сауабы беріледі.» «Ілiм – қазына. Ал оның кiлтi, сұрап үйрену.» «Ілiм үйренiңдер және үйретiңдер.» «Әр нәрсенiң бір қайнар көзi бар. Тақуалықтың қайнар көзi, ғалым кiсiлердiң жүрегi.» «Ілiм үйрету күнәлардың кешiрiлуiне себепшi.»