Ғибрат... Зерттеу
Францияда құрылысшылардың өз жұмысы туралы не ойлайтындығына зерттеу жүргізілген екен. Құрылыс нысанына келген маман бір жұмысшыдан: «Не істеп жатырсың?»- деп сұрайды.Әлгі жұмысшы: «Көрмей тұрмысың? Мына тастарды паршалап, бастықтың бұйрығы бойынша ана жерге үйіп жатырмын. Аптаған күннің ыстығында лажсыз тер төгіп, өлместің күнін кешудемін»,-деп жауап береді. Келесі жұмысшыға барған маман одан да: «Не істеп жатырсың?»- деп сұрайды. Ол: «Тастарды архитектуралық сызбаға сәйкес орнату үшін қолайлы пішінге келтіріп жатырмын. Бұл ауыр және ұқыптылықты қажет ететін іс. Бірақ нан табу керек. Осыған да шүкір. Жұмысым бұдан да қиын болуы мүмкін еді ғой»,-дейді. Зерттеуші маман тағы бір жұмысшыға барып: «Сен не істеп отырсың?»-деп сұрайды. Ол жайдарлы жүзбен қарап: «Көркем-өнер туындысын тұрғызуға ат салысып жатырмын»,-деп жауап береді. Бұл сауалнаманың қызық тарапы - жұмысшылардың үшеуі де бірдей жұмыс атқарып жатқан болатын. Бірақ көзқарастары мен ұстанымдары үш түрлі. Демек таңдаған жолыңыздың ырысты болуы көзқарасыңызға байланысты екенін де ескерген жөн. Ауа-райы жартылай бұлтты ма, әлде жартылай шуақты ма? Гүлдің сабағында тікені бар ма, әлде тікенді сабақта гүл бар ма? Стақан жартылай бос па әлде жартылай толы ма? Таңдау сізде!..