Жалғасы... Оптимизм туралы бірер сөз (2)
Данышпан бабаларымыз: «Жақсы сөз – жарым ырыс!» деп бекер айтпаған ғой! Жақсы сөз, болымды ой мен болжамдар болымды сезімдерге жол ашады. Болымды сезімдер болса өз кезегінде позитивті нәтижелерге себепкер болады. Бұл дегініміз тек жақсы ойлап, кедергілер мен қауіптерді елемеу керек дегенге келмейді, әрине. Келеңсіздіктерді ескере отырып, алға қарай қадамды нық басу деген сөз. АҚШ-тық жазушы Артур Уорд (W. Arthur Ward) оптимизмді былай сипаттайды: «Шынайы оптимист келеңсіздіктерді мойындайды, алайда шешімін табады, қиындықтарды көреді, алайда төтеп бере алатынына, бұл өтпелі кезеңнен өте алатынына сенеді. Болымсыз күйге түседі, бірақ болымды күйін көрсетеді. Ең жаманына да ашық, алайда ең жақсысын күтеді. Шағымдануға себебі бар, алайда күлімдеуді таңдайды».
Жақсы айту, жақсыға жору, жақсы тарапын көру және адамдарға жақсылық жасаудың денсаулыққа, әсіресе рухани саулыққа өте пайдалы екендігі ғылыми түрде көп дәлелденген дүние. Қатерлі ісік секілді ауыр дерттерді жеңіп шыққандарды немесе мүлдем шешілмейді деген келеңсіздіктің түйінін шешкендерді қарайтын болсаңыз қиындыққа оптимистік көзқарас арқылы төтеп бергенін байқауға болады. Тіпті ғылыми зерттеулердің өзі оптимисттердің пессимисттерге қарағанда ұзақ жасайтынын көрсетуде. Өйткені позитивті ой күйзеліс пен стресс атаулыны азайтады. Яғни оптимизмді стреске қарсы ем-шара десе артық етпейді.
Демек өмірге оптимистік көзқараспен қарау жетістік пен бақыттың және салауатты өмірдің кілті деуге болады. Сондықтан жақсы айтып, жақсы ойлауға, жақсы тарапын көруге, жақсы болуға тырысайық...