Тарих... Түркі халықтарының көші
11-ғасырда (хижри 5-ғасыр) түркі халықтардың үш бағытта көш салғаны белгілі.
Бірінші көш: Ғазнауи патшаларының билігімен халаж және басқа да түркі тайпалары Үндістанға қоныстанып, ол жерге ислам діні мен мәдениетін алып барды. Қазіргі таңда Үндістанда жүз миллионнан астам мұсылман бар болуы, осы көштің нәтижесі болып табылады.
Екінші көш: Оғыз түркілерінің (сәлжүк, қынық, қайы т.б. тайпалар) Ираннан өтіп, Малазгирт жеңісінен кейін Византияның қолындағы Анадолу топырақтарына қоныстануы. Бұлар да ислам дінін қабылдап, мұсылман болып кеткен еді. Қазіргі таңда арадан қаншама ғасырлар өтіп, мұсылман болып қалуларының арқасында әлі де Анадолу жерлерін мекендеп, әлем саясатына араласуда.
Үшінші көш: Үшінші көш әрекеті Қаратеңіздің солтүстік жағалауынан Балқан түбегіне қарай орын алды. Печенегтер мен қыпшақтардан шыққан кейбір тайпалар Балқан түбегіне орналасты. Өкінішке орай олар мұсылмандықты қабылдамай кеткендіктен, айналасындағы христиан елдерінің қысымы мен ықпалының арқасында аз уақыттың ішінде өздерін ұмытып, салт-дәстүрлерін жоғалтып, жойылып кетті. Қазіргі таңда Үндістанда, Анадолуда және басқа да жерлерде өмір сүретін түркі тектес халықтар сияқты бола алмады. Олар неліктен ата-салтын, мәдениетін сақтай алмады. Неліктен өзге жұртқа сіңісіп жойылып кетті?
Көріп тұрғанымыздай түркі мемлекеттерін және халықтарын ұстап тұрған үлкен күш – иман және ислам дініндегі әділдік, адалдық пен адамгершілік болып табылады. Батыстың сеніміне, әдет-ғұрыптарына, мода және әдепке жат қылықтарына еліктеу, мәдениет емес, керісінше қоғамды құлату болып табылады.