Сұхбат... Сүннетке сай ғұсыл алу
Еркек және әйел, жүніп болған әрбір мұсылманның ғұсыл алуы парыз. Жүніп болған кезде ең кеш бір намаз уақыты ішінде ғұсыл алмаған адам, үлкен күнә істеген болады. Ғұсыл алу өте оңай. Аузы мен мұрнын сумен жуып, теңізге, көлге сүңгіп шыққан немесе душ астында бүкіл денесін сулаған адам ғұсыл алған болады. Алдымен дәрет алып, одан кейін бүкіл дене жуылса, сүннетке сай болады. Хадис шәрифте былай делінген:
«Ғұсыл алмақшы болған адамға, үстіндегі түктердің санындай яғни өте көп сауап беріледі және сонша күнәсі кешіріледі. Жаннаттағы дәрежесі көтеріледі. Ғұсылы үшін берілетін сауап, дүниедегі барлық нәрседен де қайырлы.»
Ғұсылдың парызы Ханафи мазһабында үшеу:
1) Ауызды жуу. Аузының ішінде су тимеген жер қалдырмау.
2) Мұрынды жуу. Мұрынның ішіне су тартып, ылғалданбаған жер қалдырмау.
3) Бүкіл денені жуу. Иненің ұшындай болса да құрғақ жер қалдырмау. Теріге жабысып қалған шам (свеча), сағыз, майлы бояу сияқты заттар, тырнақтағы лак сияқты нәрселер ғұсылға бөгет болады.
Сүннетке сай ғұсыл алу үшін, алдымен таза болса да екі қолы және әурет жері жуылады. Кейін денеде нәжіс болса жуылады. Кейін дәрет алынады. Бетті жуар кезде ғұсылға ниет етіледі. Кейін бүкіл денеге үш реттен су құйылады. Алдымен үш рет басқа, кейін үш рет оң иыққа, үш рет сол иыққа құйып, әр құйғанда сол жер толығымен сулану керек. Бірінші құюда ысқылау керек. Яғни дененің барлық жеріне су тиетіндей жуылу керек. Ғұсылда бір мүшеге құйылған су басқа мүшелерге де құйылса, сол мүшелер де жуылған болып саналады. Өйткені ғұсылда бүкіл дене бір мүше болып саналады. Ғұсыл алып болғаннан кейін қайтадан дәрет алу мәкрух. Ғұсылымен намаз оқи береді. Егер ғұсыл алып жатқанда намаз дәреті бұзылса (мысалы, қан шықса, жел шығарса, зәр шықса және т.б.) ғұсылға зияны жоқ, ғұсылда келген жерінен жалғастыра береді, дәретті бұзатын нәрсе ғұсылды бұзбайды. Тек бұл дәретпен намаз оқылмайды, болғаннан кейін намаз дәретін алу керек.