Сұхбат... Қулық жасау берекені кетіреді.
Қулық – жалғандық, көз бояушылық, алдау, жаңылдыру деген мағыналарға келеді. Бір нәрсені басқаша етіп көрсетіп, адамдарды алдау деген сөз. Бұл өз кезегінде жаман мінезге жатады және харам болып табылады. Расулуллаһ алейһиссалам бидай сатып отырған бір кісінің бидайына мүбәрәк саусақтарын салды да, төменгі жағының ылғалды екенін көріп: «Мынауың не?» - деп сұрады. Сатушы адам: «Жаңбыр ылғалдандырып жіберген ғой»,- дегенінде: «Неге көрсетпей тығып отырсың? Қулық жасаған адам бізден емес»,- деді.
Хазреті Имам Ғазали “Кимия-и саадет” кітабында былай деген: «Қулықпен ризықтың көбеймейтіндігін жақсылап біліп алу керек. Бәлкім, мал-мүліктің берекесі қашатын шығар. Қулықпен аз-аздан жиналған нәрселер, күтпеген бір пәлекетпен толықтай кетіп, артында тек күнәларды қалдырады. Бір сүт сататын адам, сүтіне су қосатын еді. Бір күні күтпеген жерден тасқын болып, сиыры суға ағып кетеді. Әлгі адам сасып, ойланып тұрғанында, баласы: “Әкетай, сүтке қосқан суларымыз жиналып тасқын болып келіп сиырды алып кетті” дейді. Расулуллаһ алейһиссалам да: “Саудаға қиянат араласса береке кетеді” деп бұйырған».
Береке – аз мүліктің көп пайда әкелуі, көп іске жарауы деген сөз. Аз ғана мүлік берекелі болса, көптеген адамның рахатына, көптеген жақсы амалдардың іске асуына жарайды. Иесінің дүние мен ахырет пәлекетіне себеп болатын көптеген берекесіз дүние-мүліктер бар. Олай болса мал-мүліктің көп болуын емес, берекелі болуын қалау керек.