Untitled Document

Ғибрат... Біздің жолымыз исар жолы

Күншілдер тарапынан Хазреті Әбүлхүсейін Нуридің және онымен замандас болған бірнеше әулиенің үстінен халифаға шағым түседі. Істің мән-жайы анықталмастан оларды өлім жазасына тарту әмір етіледі. Басын алуға бірінші болып араларынан біреуін шақырады. Осы мезетте хазреті Әбүлхүсейін Нури алға атылып шығып:

– Бірінші болып менің басымды алыңдар, – дейді.

– Қылыш мұнша ұмтылатындай жақсы нәрсе емес. Неге асығасың? Сенің кезегің әлі келмеді,- дейді оған баскесер. хазреті Әбүлхүсейін Нури:

– Біздің жолымыз исар жолы. Яғни досыңның амандығын өз басыңның амандығынан бұрын қою жолы. Ең тәтті және ең қымбат нәрсе – жан. Мен өз жанымды пида етіп, мынау тұрған бауырларымның бірнеше мезет болса да өмір сүрулерін қалаймын, – деп жауап береді. Бұл жағдайды көрген халифа бұлардың істерін қайта тексертеді. Нәтижесінде бұл адамдардың Аллаһ адамдары екенін түсініп, кешірім сұрап бостандыққа жібереді.

Исар пайғамбарымыздың көркем мінезінен. Аллаһу та’ала жақсы көретін мінез-құлықтардың бірі. Әрбір мұсылман ең болмағанда өмірінде бір рет болса да исар етуі керек.

Қорыта айтқанда өзіне қажет нәрсені мұсылман бауырына бере алу, яғни исар ету мұсылманның мінез-құлқы. Бұл хал дініміздің нышаны, пайғамбарымыздың ұнатқан, әрдайым орындаған және Аллаһу та’аланың қалаған ахлақы. Әр пайғамбардың пайғамбар ретінде таңдалуының бір себебі, көркем мінезі бар. Пайғамбарымызға: «Йа расулаллаһ, сіздің пайғамбар болуыңызға қай мінезіңіз себеп болды» деп сұрағалғанда, пайғамбарымыз: «Исар» деп жауап берген екен.