Жалғасы... Дүниедегі ең алғаш университетті мұсылмандар ашты (2)
Мешіттерден тыс университеттер 11-ші ғасырда ашыла бастады. Селжұқ уәзірі Низамүлмүлктен бастап, медреселердің жаңа дәуірі басталды. Бұл университеттер “Низамийа медреселері” деп аталды. Ең бастылары Бағдатта 1067 жылы құрылған. Исфаһан, Рей, Нишапур, Мәрв, Балх, Герат, Басра, Мосул, Амул сияқты қалаларда медреселер ашылып, Имам Ғазали сияқты атақты ғалымдар осы медреседе мударрис (профессор-оқытушы) болған. Бұлардан кейін Шам төңірегіне билік еткен түрік Атабегі Нуриддин Зенгидің салдырған “Нурийа” медреселері жалғасын тапты. Ең алғашқы 1168 жылы ашылған бұл медреселер уақыт өте келе Шам, Мысырда таралды. Және Османлы дәуіріндегі медреселерге үлгі болды. Бұл дәуірде Хиджаздан басқа Шам, Бағдад, Каир, Кайруан, Қуртуба, Рей, Бұхара, Самарқанд, Герат, Табриз, Ыстанбұл, Қазан, Дели сияқты қалалар біртіндеп мәдениет орталығына айналды. Кітаптар және баспа жұмыстары артты.
Еуропаның алғашқылары: Еуропаның белгілі алғашқы университеті 1088 жылы құрылған Болонья университеті. 12-ғасырдың орталарында құрылған Париж университеті алғашқы кезеңдерде өте төмен дәрежелі шарттарда, ашық жерлерде, қыста жерге төселген сабандардың үстінде білім берілетін және алғаш ғимараты 1215 жылы салынған оқу орны еді. Осы жерден шығарып жіберілген ағылшын шәкірттердің Англияда ашқан Оксфорд (1167) және Кембридж (1318) пен Италияның Пафия (1361) және Германияның Гейделберг (1386) университеттері христиан Еуропаның алғашқы жоғарғы оқу орындарының сабын құрады. Құрылу уақыттары ислам әлеміндегі университеттерден біршама артта. Осы көне Еуропа университеттерінде әсіресе бұл жердегі академиялық дәрежелендіру, киім, есім тағу және ғимараттардың сәулеттеріне дейін бүгіннің өзінде мұсылмандықтан алған әсерлері, ықпалдары көрінуде. Бір ауланың ішінде екі қабатты төрт қабырғалы тастан жасалынған ғимарат, ауласында фонтанды бақша, төменгі қабатында дәрісханалар, басқарма, ұстаздар бөлмесі, асхана және мешіт орналасқан. Үстіңгі қабатта оқушылар бөлмесі. Оксфорд сияқты ескі Еуропа университеттерінде де осындай сәулет өнерімен салынған ғимараттар кездеседі. Тек қана кіре берісінде мешіттің орнын шапел (шіркеумен) алмастырған. Бұл жерде киілетін қалпақтар да мұсылман ғалымдардың “тайласан” деп аталатын бас киім үлгісінен алынған.