Untitled Document

Жалғасы... Ашулану (2)

Ашуға себеп болған адамға жылы мәміле көрсете алмайтын адам, оның жанынан кетуі керек, одан ұзақ болуға тырысу керек. Ашулы күйді өзгерту және ашу отын сөндіру бес нәрсе арқылы мүмкін:

1) Мұндай кездері Аллаһу та’аланың есімдерін зікір ету керек. Өйткені Аллаһты еске алу Аллаһтан қорқуға себеп болады. Аллаһтан қорқуы - жақсылық жасау және кешіру сияқты қасиеттердің келуіне әсер етеді. Осылайша Аллаһу та’аланы еске алу арқылы ашудың оты бәсеңдеп сөнеді.

2) Кінәлі адамды кешірудің сауап болатындығын еске түсіру керек. Бұл ойды еске түсіру - адамды сауапқа жетелейді, кінәлі адамды кешіру Аллаһу та’ала уәде берген жаннат ниғметтеріне қол жеткізуге себеп болады, ашуды кетіреді, нәпісті тияды. 

3) Ашулы кездегі күйден басқа күйге өту. Мысалы, отырған кезде орнынан тұрып, басқа жақа кету сияқты. Халифа Мәмун ашуланған кезде бірден ол жерден кетіп, ашуын жеңуге тырысқан!

4) Ашуын басып, жұмсақтық көрсетіп кешірімді болса, адамның қадірі артады, айналасындағы адамдарда оған деген сүйіспеншілік туындайды. Беделді, қадірлі адамның айтқан насихаттарын ел тыңдайтын болады.

5) Ашуланудың салдарында туындайтын қатты өкініш сезімі, кек қайтарудың жамандығы және оңайлықпен орны жазылмайтын ауыр нәтижелері болатынын ойлау керек. Яғни, ашуланған нәрсенің бір келеңсіздік, қиындық екендігін ескерсек, сабыр ету керек. Бұл келеңсіздікті арттырып басқа қиындықтарға жол ашпау керек. Жарақат, тіпті жан қиылуы, отбасының күйреуі немесе т.б. үлкен зияндарға ұшырауы мүмкін. Бір қиындыққа сабыр етпеудің салдарында адамның дүниесі мен ахиреті бұзылуы мүмкін.