Untitled Document

Ғибрат... Сұрақтар мен жауаптар

Әулиелердің бірі шәкіртіне төмендегі сұрақтарды қойып, жауабын алады:

Бір минуттан кейін өлетініңді білсең, не істер едің?

– Дереу кәлимаи шаһадат және салауат айтамын. Қасымдағы адамдардан ақыларының халал етуін (ақы өткен болса кешіруін, менен разы болуын) сұраймын. Дереу сәждеге жығыламын. 

Егер бір сағаттан кейін өлетініңді білсең, не істер едің?

Жоғарыдағы жауаптардан басқа, дереу дәрет алып, иманымды жаңартамын. Көрінген адамдармен халалдасып, дұғасын сұраймын. Мүмкіндік болса қарыздарымды өтеп, артылған ақша және мал-мүліктерді садақа ретінде таратып беремін. Пайғамбарымызды, сахабаларын, Әһли бәйтін, сәйид және әулиелерді еске алып, шапағаттарынан үміттенемін. Өсиетімді жазамын, соңғы сәттерде намаз оқимын. 

Егер бір күннен кейін өлетініңді білсең, не істер едің?

– Жоғарыдағылардан басқа, жақсылап ғұсыл алып, үнемі дәретпен жүруге, ішкен-жеген нәрселеріме көңіл бөліп, күнә істемеуге тырысамын. Бос нәрселермен айналыспай, өте қажетті болған нәрселерді ықыласпен жасауға, аузыма жаман сөзді алмауға, адамдарға жақсылық жасауға тырысамын. Таныстарыммен халалдасып, бес уақыт намаздарымды уақытында және ықыласпен оқимын. Қаза намаздарым болса, бос уақыттарымда қаза оқимын. Бала-шағамнан бастап барлығын жақсылыққа шақырып, жамандықтан тиылуға үндеймін және ілім үйренуге тырысамын. Жақсы адамдарға барып, дұғасын сұраймын. 

Егер бір жылдан кейін өлетіңді білсең, не істер едің?

– Шамамен осы нәрселерді жасаймын, тақсыр.

Жүз жылдан кейін өлетінің білсең, не істер едің?

– Осы нәрселерді жасауға тырысамын, тақсыр.

Сынақтан өттің деп үміттенемін.