Сұхбат... Адамның ең үлкен мақсаты
Адамның ең үлкен мақсаты және маңызды талпынысы – иманмен жан тапсыру. Елімізде қайтыс болған адамға бостан-босқа "иманы саламат болсын" делінбейді. Осы себептен ғалымдарымыз соңғы демде калима айтып кетуге көп дұға еткен.
Хатым дұғаларында да көп естиміз «Йа, Раббым, соңғы демімізде калима-и шаһадат айтуымызды нәсіп ет» делінетінін. Соңғы демін иманмен өткізген адам Хақ та'аланың ең үлкен ниғметіне бөленді деген сөз. Бұдан асатын ниғмет жоқ. Бұл ниғметке қол жеткізе алмаған адам ең үлкен пәлекетке, мәңгі тозақ азабына душар болды деген сөз. Адам көбінесе қалай өмір сүрсе, солай қайтыс болады. Қалай өлсе, солай тіріледі. Сондықтан жақсы, адал өмір сүруіміз керек.
Дүниедегі өмірді қалай өткізген болса, не нәрсеге қатты берілген болса, өлім аузында ойына сол нәрсе келеді. Өлім аузындағы жағдайды түске ұқсатуға болады. Мысалы бір оқушы түсінде мектепті, кітапты, қалам-дәптерді бізге қарағанда көбірек көреді. Дәрігер түсінде науқастарды және дәрілерді бізге қарағанда көбірек көреді. Саудагер де ұйқысында сауда-саттықты, ақшаны бізге қарағанда көбірек көреді. Адам өмірін де осылай аяқтайды. Демек ғибадатын орындап, күнәлардан сақтанып өмір сүрген адамның өлім аузында көз алдына ғибадаттары, кәлималары келіп, соңғы демінде иманмен жан тапсыруына себепші болады.
Адам табиғаты барлық нәрсенің ең жақсысын өзіне қалайды. Әрине мүмкіндігіне қарай. Ең жақсы үйде тұру, ең жақсы көлікке міну, ең әдемі киімдер мен аяқ-киім киюге тырысамыз. Бұлардан да маңызды болғаны – жақсы күйде қайтыс болуға дұға ету керек және соған тырысу керек. Раббымыз осы ең үлкен ниғметін бізге нәсіп етсін. Әмин!