Әдеп-ахлақ... Сын айту (1)
Адамдардың арасын ашатын, араздыққа себеп болатын жаман қылықтарының бірі – орынсыз сын айту, яғни өзгенің сөзі, пікірі, іс-әрекетінен мін іздеу, қатесін әшкерелеу, бетіне басып масқаралау секілді әрекеттер. Cын айтудың нәтижесінде кейде дұшпандық, ұрыс-керіс, жанжал орын алып жатады. Әсіресе көпшіліктің алдында айтылған сынның салмағы ауыр келеді.
Ғалымдарымыз «Сын айтуға адам іздесең, айнаға қара. Өз кемшіліктеріңмен әуре болсаң, басқалардың айыбын іздеуге уақыт таппайсың» деген. Өзгенің ісіне немесе сөзіне сын айту, айтылған пікірге дереу қарсы шығу көбінесе «мен білемін, сен білмейсің, сені ескертіп жатырмын» дегенге келеді. Яғни тәкаппарлықтан туындайды. Тәкаппар адамдар басқа адамнан хақ пен ақиқатты естісе де қабылдамайды, дереу қарсы шығуға даяр тұрады. Тәкаппарлық – күнә болып табылады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Жиындарда білімі арқылы үстемдігін паш ететіндердің барар жері жаһаннам» делінген. (Ибн Мажә)
«Өзіне басқалардың құрмет көрсетіп, басын иіп тік тұруын қалайтын адам тозаққа дайындала берсін!» (И. Ахмед)
Білім тәкаппар адамның тәкаппарлығын арттырады, қарапайым адамның қарапайымдылығын арттырады. Мен көп білемін деп, өзін пәлекетке тастау – ақылдың ісі емес. Шынайы мұсылман – білімді болады, тәкаппарлықтан бойын аулақ ұстайды, әдептен аспай, орынды сөйлейді. (Жалғасы ертең...)