Мақала... Идеалдар және адам (1)
Идеал – соған қарай ұмтылатын, сол бағытта еңбек ететін, жетуді қалайтын үлкен мақсат, мұрат деген мағыналарды білдіретін ұғым.
Әлемде керіде қалған қоғамдардың ең үлкен кемшілігі идеалсыздық. Адам мен қоғам идеалдарымен ерекшеленеді. Идеалдар адам өмірінде әрі мақсат, әрі дамуы үшін қозғаушы күш есебінде. Мақсаты белгілі болмаған қоғам кері қалуға бейім болмақ. 10 жыл ілгерісін жоспарламаған ел тоқыраудың, бодандыққа ұшыраудың алдын алмаған болады. Ал мұндай кесапат жағдайдан құтылу үшін не істеу керек? Ұлттық құндылықтарына бекем, тарихын, тілін, дінін, әдет-ғұрпын, Отанын сүйетін, іші де бүтін, сырты да бүтін қоғам болуға ұмтылу керек. Адамдарға өмірдегі рөлдерін және жауапкершіліктерін үйрету, саулықты сана қалыптастыру керек. Санасыз адамның идеалы сапасыз болары анық. Кім екендігін, қайда, қашан және қандай ахуалда екендігін білмейтін адам келешегі үшін мақсат белгілей ала ма? Әрине жоқ. Алдымен өз мүмкіндіктерімізді, сипаттарымызды және ахуалымызды бағалауымыз керек. Қолдағы мүмкіндіктеріміз қандай, не істей аламыз дегендей пайда мен зиян есеп-қисаптарын қалыптастыру керек. Кейін аяғымызды жерге бекем басып, мақсатымызға қарай бағыт аламыз.
Дамыған елдердің 20, 30 тіпті 100 жылдық ұзақ мерзімді жоспарлары, мақсаттары, идеалдары бар. Және бұл идеалдар өз мүмкіндіктері мен шектеулеріне қарай даярланады. Шектеудің мөлшері болуы тиіс. 7 жастағы балаға тригонометрия үйретілмейтіні секілді, 18 жастағы студентке рационал сандары түсіндіру орынсыз болады. Потенцияалымызды кинетикаға айналдыру тұрғысында жетістікке жеткен сайын кейінгі мақсатымыз потенциалымызды арттыру, идеалдарымызды және мәдениетімізді үлкейту болады. (Жалғасы ертең...)