Untitled Document

Бүгін... Абай күні

Бүгін – ұлтымыздың ойшылы, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні. Өзінің өлеңдері мен қара сөздері арқылы тұтас ұлтты түзетуге тырысқан, ақ пен қараны ажыратып берген ұлы ойшылдың туғанына – 176 жыл.

Осыдан бір жыл бұрын елімізде «10 тамыз – Абай күні» болып жарияланды. Осы атаулы күнге орай Хакім Абайдың 145 өлең, 3 поэма және 45 қара сөзінен тұратын жинақ әлемнің 10 тіліне аударылды. Енді ағылшын, араб, қытай, испан, итальян, неміс, орыс, түрік, француз, жапон тілдерінде сөйлейтін әлем халқы ақынның жауһар туындыларымен таныса алады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мәселе мерейтойды тойлауда емес, Абайдан тәлім алуда» деген сөзін негізге ала отыра, келер ұрпақ мектеп табалдырығынан бастап Абай мұрасын бойына сіңіріп өсу үшін «Абайтану» оқулығы әзірленді. Сондай-ақ, Ұлттық банк Абайдың бейнесімен 100 және 500 теңгелік монеталарды айналымға шығарды. Ақынның кез келген өлеңінің астарында үлкен мән-мағына жатқаны анық. Мәселен, Абай бір ғасыр бұрын қазақ қоғамына керек «Бес асыл іс» пен адамзаттың «Бес дұшпаны» жазып кеткен. Сонымен қатар, халықты өркениетке шақырып, халық арасындағы керітарпа адамдармен де күресіп өтті. Бұған «Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма» үзіндісі дәлел бола алады. Ал қара сөздері кез келген жастың бағыт-бағдар берушісі екендігіне шүбәміз жоқ. Абай мерекесі – ұлт мерекесі!