Untitled Document

Ғибрат... Не істеп отырсыңдар?

Хазреті Әбу Бәкір Сәққаф XIV ғасырдың соңы мен XV ғасырдың басында өмір сүрген йемендік әулие, ғұлама. Есімі Әбу Бәкір бин Абдуррахман. Сәққаф лақаб атымен мәшһүр болған. Адамдарға уағыз-насихат айтып, көп шәкірт жетілдірген.

Бір күні бірнеше жас жігіт нәпістеріне ұйып, көзден таса жерге жиналып арақ ішпек болады. Дәл сол сәтте, алыста кетіп бара жатқан Әбу Бәкір Сәққаф хазреттері бұл жігіттердің арақ ішіп отырғанын байқап, қастарына келеді.

- Жігіттер не істеп отырсыңдар?- деп сұрайды хазрет. Орындарынан атып тұрған жастар амандасқан соң, араларынан бірі:

- Үйден азын аулақ тіске басар, сусын алып келген едік, соны бөлісіп жеп-ішіп отырмыз,-деп жауап береді. Бірақ жастардың ұялып, іштей қынжылып тұрғаны белгілі еді.  

- Мына шөлмекте не бар?- деген сұраққа, әлгі жігіт сасқанынан:

- Бал шәрбеті,- деп жауап береді.

- Мен ішсем бола ма?- дегенде айтарға сөз таппай, іркіліп тұрып әзер жауап берген бала:

- Тақсыр, әлгі, әрине ішсеңіз болады. Бірақ, дегенмен, ішпесеңіз қайтеді. Сізге ұнамауы мүмкін,- дейді. Хазрет:

- Неге ұнамасын, мен шәрбеттің барлық түрін жақсы көремін! – дейді де шөлмектің бірін кесеге құйып ішеді.

- Иә, мына бал шәрбеті шынымен де дәмді екен,- деп, жастардың кеселеріне де құйып береді: «Алыңдар, сендер де ішіңдер!» - дейді.

Жастар кеседегі сусынды ішкенде таңданыстан сілейіп тұрып қалады. Өйткені, ішкендері шынымен де бал шәрбеті болатын. Бұл кереметке куә болған жастар қатты әсерленіп, қылықтарына өкініп, сол жерде тәубе етеді. Сосын ғалымнан кешірім сұрап, шәкірттікке алуын өтінеді.