Ғибрат... Біз білмеппіз, білгенде...
Зұлқарнайын алейһиссалам әскерлерімен жолда келе жатып “аяқтарыңа ілінген нәрселерді жинай жүріңдер”,- деп әмір береді. Әскерлері бұл әмірді естіген кезде іштерінен бір бөлігі: “Көп жүрдік қатты шаршадық. Түн ішіндеміз, оған қоса аяғымызға ілінген нәрселерді жинап босқа қиналамыз ба, ешнәрсе жинамаймыз”,- деген шешімге келеді. Екінші бөлігі: “Қолбасшымыз бұйырған екен, әміріне бағынайық аз ғана болса да жинайық. Өйткені қолбасшыға қашанда мойынсұну керек”,- деп аз ғана жинайды. Үшінші топ болса: “Қолбасшымыз ешнәрсені босқа әмір етпейді. Міндетті түрде бір нәрсені біліп айтқан болу керек, әмірін орындаймыз”,- деп бүкіл қаптарын бетіне дейін толтырады.
Таң атқан кезде бүкіл әскерлер түнде алтын қойнауынан өткендерін түсінеді. Аяқтарына тиген нәрселердің алтын екенін ешкім аңғармаған болады. Сонда әмірді тыңдамай еш нәрсе алмаған бірінші топ: «Қап неге алмадық?! Неге тыңдамадық қолбасшымыздың сөзін?! Ең болмағанда біреуін алғанымызда...» деп өкініп қалады. Екінші топтағылар да өз-өздерін сөге бастайды: «Қап біраз тағы алуымыз керек еді. Қалталарымызды, қаптарымызды аузына дейін толтырып алуымыз керек еді...» Үшінші топ та өкініп: «Керексіз, пайдасыз заттарымызды тастағанда бұдан да көп етіп жинайтын едік»,-дейді.
Міне осы тәмсілдегідей ахиретте бүкіл адамдар өкінеді. Кәпір болған адам: «Неге иман келтірмедім. Сенгенімде ең болмаса тозаққа түссем де иманымның арқасында соңында жәннатқа кірер едім. Мәңгілік тозақтан құтылар едім»,- дейді.
Мұсылман бола тұра сауабы аз болған кісі: «Бұдан да көп сауапты істер жасауым керек еді. Бұдан да көп ниғметке қауышар едім»,- дейді.
Мұсылман болып, сауабы көп болғандар: «Қап, бұдан да үлкен дәрежелерге көтеретін көбірек ғибадат жасауым керек еді, көбірек садақа беріп, көбірек ораза тұтып, көбірек сауап жинайтын амалдар жасауым керек еді»,-дейді.