Сұхбат... Төрт жағдай (2)
Одан кейін «Жастар мен мәмлүктер (құлдар, күңдер) қайда?» делінеді. Олар да Аллаһу та'аланың алдына әкелінеді. Олардан: «Сендердің Аллаһу та'алаға ғибадат етулеріңе не тосқауыл болды?»- деп сұралады. Олар: «Аллаһу та'ала бізге көріктілік пен сұлулық берді. Біз сонымен алдандық, жастық шақтың қызықтарына берілдік. Сол жастық шақ бізде мәңгі қалады деп ойладық. Аллаһу та'аланың дінін үйренбедік. Оның алдындағы міндетімізді орындамадық»,- дейді. Мәмлүктер: «Құл болдық, күң болдық, қожайындарға қызметші болдық. Дүниедегі үстемдерге табындық. Діннен сауатсыз қалдық, алдандық. Йа, Раббым, Сенің алдыңдағы міндетімізді орындаудан мақрұм қалдық»,- дейді. Олардан: «Сендер сұлу едіңдер ме, әлде Юсуф алейһиссалам ба?»- деп сұралғанда, олар: «Юсуф алейһиссалам сұлу еді»,- деп жауаптайды. Сонда оларға: «Олай болса, хазреті Юсуф құл болған кезінде Аллаһтың алдындағы міндеттерін орындауға ештеңе тосқауыл болмай, сендерге тосқауыл болды ма?»- делінеді.
Одан кейін «Жұмыс істемеген жалқау кедейлер қайда?»- деген үндеу келеді. Олар да әкелінеді. Олардан: «Сендердің Аллаһу та'алаға құлшылық етулеріңе не тосқауыл болды?»- деп сұралады. Олар: «Жұмыс істемедік. Кәсіп үйренбедік. (Кафелерде, кинотеатрларда, ойын-сауық орындарында уақыт өткіздік). Аллаһу та'ала дүниеде біздің басымызға кедейлік берді. Кедейлік пен жалқаулық құлшылық міндетімізді атқаруымызға тосқауыл болды»,- деп жауаптайды. Оларға: «Сендер кедей едіңдер ме, әлде Иса алейһиссалам ба?»- деген сұрақ қойылады. Олар: «Иса алейһиссалам бізден де кедей еді»,- деген жауап қайтарады. Сонда оларға: «Олай болса, осыншалықты кедейлік Оған құлшылық міндетін атқаруға, діни білімдерді жаюға тосқауыл болмады, ал сендерге тосқауыл болды ма?»- делінеді.