Жалғасы... Ақшаға ойын, бәс тігу, лоторея – құмар (2)
Құмар ойындары дінімізде – күнә, харам. Құмармен келген ақшаны, мүлікті қолдану да харам. Құран кәрімнің Маида сүресінің 90-91 аяттарында: «Ей, иман келтіргендер! Ішкілік, құмар, пұттар, құмар оқтары – лас тірлік, шайтанның ісі. Бұлардан сақтаныңдар да, бақытқа жетіңдер. Шайтан ішкілік пен құмар арқылы араларыңа дұшпандық, жек көрушілік сезімдерін тудырғысы келеді, осылайша Аллаһқа ғибадат етуден, әсіресе намаздан құр қалдырады. Олай болса, енді бұларды тоқтатпайсыңдар ма?!» делінген.
«Ойынмен уақыт өткізу, нарды, 14 тас сияқты ойындарды ойнау тәхриман мәкрух. Егер ақшаға ойналса харам болады». (Рәддул мухтар)
«Бірнеше адам өзара ақша, мүлік жинап, лоторея ойнап, ұтпағандардың ұтқандарға мүлік, ақша беруді келісуі құмар болып табылады». (Әййухәл уәләд илмихалы)
Бір нәрсенің құмар болып саналуы үшін екі немесе одан да көп адамның зиян көру немесе пайда көру ықтималдығы болу керек. Мысалы, «сен жеңсең, мен саған беремін, мен жеңсем, сен маған бересің» деу құмар болады, күнә болады. Қатысушылардан ақша, мүлік талап етпей, жеребе тастап, «жеребеде кім шықса, соған өз мүлкімнен мынаны беремін» деу құмар болмайды.
Қорыта айтқанда жеңіл олжаға желікпей еңбекқор болайық, адал болайық. Жақындарымыздың, өсіріп отырған бала-шағамыздың да интернеттегі алаяқтарға еріп алданбауы үшін, ақ-қараны ажырата білуге үйретіп, білгенімізді айта жүрейік.