Ғибрат... Аллаһ үшін беру
Ұстазын қатты жақсы көретін бір бай саудагерде кедейлерге көмектесу деген түсінік жоқ екен. Ұстазы шәкіртінің бұл жағдайдан құтылуы үшін:
– Көптеген сараңдарды көрдім, бірақ сен сияқтысын көрмедім,- депті. Абыржыған шәкірті:
– Ұстаз мен не істеп қойдым? -дейді. Ұстазы:
– Қарашы, Аллаһу та’ала сені қандай әдемі жаратқан. Қазір сен сияқты мыңдаған адам ауруханада азап шегуде. Ал сен ауруханада да емессің, абақтыда да емессің. Көздерің, құлақтарың, бүкіл мүшелерің аман-сау, өз орнында. Бұларды саған кім берді?- дейді.
– Әрине, Аллаһу та’ала берді.
– Ал сені жоқтан бар еткен, саған әртүрлі ниғметтер берген Аллаһу та’алаға не бердің?
– Ұстаз біз Аллаһу та’алаға қалай береміз.
– Раббымыз ахиретте құлымен былай тілдеседі:
- Мен аш едім, маған нан бермедің, мені тойдырмадың!
- Йа Раббым! сені қалай тойдыруым керек еді?
- Кедейлерді тойдырғаныңда, мені тойдырған болар едің.
- Мен ауру едім, мені көруге келмедің!
- Йа Раббым, сені қалай көретін едім?
- Ауру құлдарымның көңілін сұрап, халінен хабар алуға келгеніңде, менің разылығымды сол жерде табар едің!
Сен Оның құлдарына ештеңе бермесең, ахиретте Оның құзырына қай жүзбен шығасың? Ол саған барлық нәрсені берді, ал сен болсаң сараңдық етудесің. Адамдардың бидғат пен күпіршілік ішіне малынған заманда әһли сүннет ғалымдарының кітаптарынан қаншауын тараттың немесе қаншауының таратылуына себепші болдың?