Жалғасы... «Қиямет және ахирет» кітабынан үзінді (3)
Ғалымдардың әрқайсысының атынан бір періштеге үндеу айтқызылады. Періште адамдарға жар салып: «Пәленше ғалымға Аллаһу та'ала шапағат етуді әмір етті. Кімде-кім оның бір жұмысын жасап берген болса, бір үзім нан немесе бір жұтым су берген болса, кітаптарын жайған болса, соларға шапағат етеді» дейді. Сол ғалымға қандай да бір жақсылығы тигендер, оның кітаптарын таратқандар орындарынан тұрады. Ғалым оларға шапағат етеді.
Хадис шәрифте көрсетілгені бойынша, ең алғаш шапағат етушілер – Расулдар. Кейін Нәбилер (алейһимуссалауату уәттаслимат), кейін ғалымдар. Ғалымдарға арналып ақ байрақ байланады да, Ибраһим алейһиссаламға беріледі.
Одан кейін тағы бір жаршы үндеу салып: «Напақасын табу үшін маңдай терімен жұмыс істеп, тапқанына қанағат еткен кедейлер қайда?» дейді. Кедейлер Аллаһу та'аланың алдына апарылады. Аллаһу та'ала ілтипат көрсетіп: «Мәрхаба, ей, дүниелері зындан болған адамдар» дейді. Олардың да Асхаби яминмен (жәннаттықтармен) бірге болуы бұйырылады. Оларға арнайы сары байрақ байланып, Иса алейһиссаламның қолына беріледі. Иса алейһиссалам оларға имам болады.
Одан кейін тағы бір жаршы үндеу салып: «Ағния, яғни шүкір етуші, мал-мүлкі мен ақшаларын дінді қуаттандыру және мұсылмандарды залымдардан қорғау үшін берген байлар қайда?» дейді. Олар да әкелінеді. Оларға нәсіп болған байлықтарды Аллаһу та'ала бес жүз жыл санатқызады. Яғни сол байлықтарымен не істегені есепке тартылады. Оларға арнайы түрлі-түсті байрақ байланып, Сүлейман алейһиссаламға беріледі.