Untitled Document

Мәлімет... Қазақы өлшемдер

Қазақ халқы киім тігу барысында өлшем бірлігі ретінде адам денесі мен дене мүшелерінің өлшемдерін пайдаланған. Айталық, киім өлшемдерін алғанда құлаш, шынтақ, аршын қатарлы өлшемдер қолданса, тігін тіккенде, пішкен кезде бұдан кішкене қол өлшемдерін: қарыс, сүйем, сынық сүйем т.б. жиі қолданған. 

Құлаш – иық деңгейіне сәйкес кері созылған екі қол ұшының арасына тең ұзындық бірлігі. 1838 жылғы мәлімет бойынша Ферғана құлашы 166-170 см, Қазақстанда қолданылып келген Бұхар құлашы 142 см-ге тең. Құлаш өлшемі сауда-саттық жұмысында, тұрмыста пайдаланған. Сондай-ақ құлаштың да сала, кере, көш құлаш атты түрлері болған. Бұлар, қолды кере созып немесе шалқайы тұрып артқа қарай созғандағысы болса, жарты құлаш – төс пен бір қолды жайғандағы өлшем. 

Құшақ – «периметрі» адам бойына тең шеңбер болса, жарты құшақ кісі бойының ширегіне ¼-не тең.

Қолтық – қолдың басы мен қолтықтың арасындағы қашықтық.

Шынтақ – қолдың ортаңғы саусағының ұшынан шынтақтың бүгілген жеріне дейінгі аралық. Қазақстанда кең тараған Бұқар шынтағы шамамен 40-41 см.

Елі – сұқ саусақтың еніне тең ұзындық бірлігі немесе шамамен 2 см-ге тең өлшем. Екі саусақтың қалыңдығы екі елі, үш саусақтың қалыңдығы үш елі болады. Мұнда өлшенетін дененің үстіне қолды салып, оған сұқ саусақтан бастап шынашаққа дейін қанша саусақ орналасқанын анықтайды, қатар орналасқан төрт саусақтың ені төрт елі деп аталады (шамамен 7-8 см). Сол сияқты білем – ортаңғы саусақтың ұшы мен қолдың бірінші буыны арасындағы қашықтық.

Төрт еліден сәл үлкен өлшем тұтам – бүгілген төрт саусақпен алақан арасындағы қуыстың ұзындығына тең өлшем. Бұл өлшемдер киім тіккенде бау, ызба, зер, таспа өлшемдерін алуға қолданылған.