Ғибрат... Қайырлысы осы шығар
Имам Ғазали хазреттері «Ихия» атты кітабында Мәсруқ бин Әл-Әжда хазреттен былай нақл келтіреді:
«Шөлде өмір сүретін бір бәдәуидің (көшпендінің) бір қашыры, бір әтеші және бір иті болған екен. Әтеш таң намазына оятады екен, иті үй күзетеді, ал қашырымен суын, керек-жарағын тасып күнелтеді екен. Бұл бәдәуи тәуәккүл иесі екен, яғни барлық нәрсені жақсыға жоритын, барлық нәрседен қайырын күтетін адам екен. Бір күні әтешін түлкі тартып кетеді. «Бәлкім, біз үшін қайыры осы шығар» деп ұйғарады. Ертеңіне қашырын қасқыр жеп кетеді. Бала-шағасы ренжігенмен отағасы тағы да «біз үшін қайырлысы осы шығар» дейді. Тағы бір күннен кейін иті өледі. Бұл жолы да «қайырлысы осы шығар» деп түйіндейді. Бір күні таңертеңгісін айналадағы көршілерін қарақшылар тұтқынға (құлдыққа сатуға) алып кеткендігін көреді. Өйткені қарақшылар түнде қараңғыда мал-жануарларының даусынан үйлерді тапқан екен. Ал бұлардың жануары болмағандықтан үйін көрмеген екен. Демек бұлар үшін жануарларының өлімі қайырлы болған екен».
Аллаһу та’аланың мейірімі мен ихсандарын білетін, оған тәуәккүл ететін адам, Оның жазғанына разы болады. Аллаху та’аланың беруі секілді алуында да қайыр бар. Бергенінде «қайырлы болды» деп қуанатындар, алғанында да «қайырлысы» деп айта алуы тиіс. Хазреті Омар: «Ертең кедей, мұқтаж боп қалатын болсам, еш ренжімеймін. Өйткені қай бірінің мен үшін қайырлы болатынын білмеймін» деген екен.