Untitled Document

Жалғасы... Жақсы және жаман көзқарас (2)

Жаман нәрселерді ойлап күйзеле беру ешқандай пайда әкелмейді. Керісінше зиян келтіреді. Ал жақсы айтып, жақсыға жорудың және жақсы нәрселерді ойлаудың пайдасы орасан зор.

Иса алейһиссалам хауарилерімен бір жерден өтіп бара жатқанда, жолда иттің өлексесі жатады. Сасып жатқандықтан хауарилердің бәрі мұрнын жауып, жиіркеніп өтеді. Иса алейһиссалам болса: «тістері неткен аппақ екен»,- деп айтып өтеді. Яғни оқиғаның жақсы тарапын көреді. 

Адамдардың жағдайларға көзқарастың маңыздылығын Хазреті Мәулана: «Жағдайларға қалай қарайтын болсаң, солай қабылдайсың» деген екен. Ал жақсы ойлау турасында болса: «Ойлауың сөйлеуіңе, сөйлеуің әрекетіңе, ал әрекетің тағдырыңа өтеді. Жақсы ойла, жақсы өмір сүр» деген екен. Ал жаман ойлау, жаман жағын қарау туралы Хазреті Мәулана былай дейді: «Оқиғаны жаманға жору, уайымдау – адамды дерті жоқ кезінде де ауру етеді. Сондықтан оқиғаларға жақсы қырынан қара» деген екен. 

Проблемаларды сылтау етіп, үмітсіздікке, бақытсыздыққа түспеу керек. Өмірдің келеңсіздіктері бітпесі анық. Бірі бітсе келесі шығады. Маңыздысы келеңсіздіктен қажетті сабақ алып, алдағы уақытта оны қайталамау, қауіп-қатерді ескере отырып, алға қадамды нық басу, қиындыққа төтеп беру және өмірге болымды көзқарас қалыптастыру, болымды сәттерді ұстауға тырысу...

Өміріндегі оқиғаларға болымды тұрғыдан қарай алатын адамдар айналасындағыларға сол ортаны жақсы қырынан көрсетіп, жақсы әсер етеді. Жағдайлар қаншалықты қиын болса да, жақсы қырынан жорып, болымсыздықтарды болымды халге келтіру асқан ерлік болып табылады. Демек игі ойлайық, жақсы айтып, жақсыға жоруға тырысайық! Аллаһу та’ала жақсы күндерімізді арттырсын!