Untitled Document

Мақала... Жақсы және жаман көзқарас (1)

Адам тіршілігі барысында болымды, жақсы нәрселерге тап болатыны сияқты, жаман нәрселерге де тап болады. Қуанышты кезеңдер болатынындай, ренжитін кездер де болады. Кейде адамдар болымды нәрселерге қарағанда болымсыз нәрселерге тұтылып, килігіп қалады. Басынан өткен болымсыз жайтқа көңіл байлап, үнемі соны ойлап, күйзеліске түсіп жатады. Ал бұл діни тұрғыдан да, дүниелік тұрғыдан да жақсы емес. Дүниелік тұрғыдан айтқанда тұрақты түрдегі күйзеліс, стресс – адамның денсаулығына едәуір нұқсан келтіретін себептердің бірі саналады. Қатерлі ісік, қант диабеті, жүйке жүйесінің қозуы, секілді көптеген дерттердің себепшісі.

Ал дініміз адамның басына іс түскенде сабырлы болуын, өз халіне қанағатшыл болуын, алға ұмтылуын дәріптейді. Ата-бабамыздан қалған жақсы бір мақал бар: «Жақсының басына іс түссе, бойлай береді. Жаманның басына іс түссе, ойлай береді» дейді. Яғни жақсы адамның басына іс түскенде сол келеңсіздікті шешуге әрекет етеді, күреседі, ал жаман адам түңіліп, соны ойлай береді деген мағынаға келеді. Асыл дініміз өткен іске «қайырлысы» деп, яғни «мен үшін қайырлысы осы шығар» деп пайымдап, сабыр етуді, өткенді ойлап түңілмей алға ілгерілеуді, Аллаһу та’алаға тәуәккүл етуді бұйырады. (Тәуәккүл ету: себептерді орындағаннан кейін нәтижесін Аллаһу та’алаға тапсыру деген сөз).

 Қандай жағдай болмасын, үмітсіздікке, күйзеліске түспей, еңсені түсірмей алға ілгерілеуге тырысу қажет. Және жағдайдың болымды, жақсы тарапын көруге, жақсы сөйлеуге тырысқан жөн. Аталарымыздың: «Жақсы сөз - жарым ырыс», «Көңіл жақсы болғаны - өмір жақсы болғаны» деген даналық сөздері бар. Яғни көңіл-күйі, ойы жақсы адамның өмірі жақсы болады дегенге ишара бар. (Жалғасы ертең...)