Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
1993 жылғы сәуірдің 14-інде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Ал 1997 жыл Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» болып аталып, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жарияланды.
1925 жылы Қазақстанның басшылығына келген Ф.И. Голощекин «кіші қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Яғни «асыра сілтеу болмасын аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен жаппай ұжымдастыру, бай шаруа қожалықтарын тәркілеу, жоспарды шамадан артық орындау мақсатының нәтижесі халықты ашаршылыққа алып келді. Өзіне қарсы шыққан ұлт зиялыларын қызметінен босатып, қудалауды, көзін жоюды қолға алды. 1932-1933 жылдары ұйымдастырылған жасанды зауалдан, яғни аштық салдарынан 3 миллионға жуық қазақ құрбан болды. Аман қалғандары шекара асып, Қытай, Тибет, Пәкістан арқылы Түркия мен Еуропаны паналады.
1930 жылдары Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Олардың басым бөлігі ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері еді.
Жалпы 1930-1953 жылдары аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған. Әсіресе бұл заңсыз жазалауға Кеңес Одағы құрамында болған барлық халықтар мен ұлттардың бетке ұстар интелегенция өкілдері ұшыраған. Осы кезеңде қазақтардың 40 пайызы қаза тапқан. Ал Қазақстан аумағында орналасқан лагерлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударылып келген.