Untitled Document

Әдеп-ахлақ... Жақсы адам көркем мінезді болады

Көркем мінезді болу үшін білім алу, әдептілікті үйрену, жақсы адамдармен достық құру керек. Жаман мінез мұның терісі. Яғни сауатсыз қалу, әдепсіз болу, жаман адамдармен достық құрудан пайда болады. Дініміз жақсы мінезді, жақсы қасиеттерге ие болуымызды, ал жаман мінезден сақтануымызды бұйырады.

Мұсылман кісіге қабағын түйіп, кіжірейіп қарау харам. Жылы жүзді болмаған адам мұсылман сипатты емес. Бәріне күлімдеп, жылы жүзбен қарау керек.

Біреудің жаман мінезіне шағымданып, жамандаған адамның өзі жаман мінезді. Біреудің жаман қасиеттері жайлы айтатын болсақ, бұл өзіміздің жаман адам екендігіміздің белгісі. Жақсы мінез – қиыншылықтарға төзу деген сөз.

Жақсы мінезді болудың белгілері мыналар: Ынсапты болу, достарының қателігін байқамау, барлық адамдар туралы жақсы ойда болу, жаман ойда болудан сақтану, достарынан келетін қиыншылықтарға төзу, оларды ешкімге шағымданбау, үнемі өзінің кемшіліктерімен әуре болу, өз нәпсін жазғыру, күлімдеп, жылы жүзді болып, бәрімен жұмсақ сөйлесу. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Аллаһу та'аланың дәргейінде құлдардың ең сүйіктісі – мінезі ең жақсы болғаны».

«Көркем мінез үлкен күнәларды судың киімді тазалағанындай тазалайды. Ал жаман мінез - жақсы амалдарды сірке суының балды бұзғанындай бұзады».

Жақсы мінезді бір кісінің әйелінің мінезі өте нашар болады. Бірақ, екеуі тату-тәтті өмір сүреді. Жаман мінезді әйелімен қалай сыйысып жүргені әлгі кісіден сұралғанда, ол былай жауап берген екен: «Жақсылармен бәрі сыйыса алады. Нағыз ерлік – жамандармен сыйыса алу. Оның жаман мінезіне сабыр етпесем, онда менің жақсы мінезді екенім қалайша белгілі болсын?»