Ғибрат... 20 алтын, 20 дүре
Ерте заманда бір кісі сарайға келіп, патшаға 20 жыл бойы жаттығып, қол жеткізген өнерін көрсеткісі келетінін айтады. Патша оны құзырына қабылдап, өнерін көрсетуіне рұқсат етеді. Әлгі кісі үш метрлік қашықтықтағы инеге жіпті лақтырып, тесігінен өткізетіндігін жария етеді де, айтқанындай жіпті ұзақтан лақтырып инеге өткізеді. Тамашалап отырғандардың барлығы аң-таң қалады. Ал патша болса, салмақты күйде сақалын сипап отырып нөкеріне: «Мына адамға 20 алтын беріңдер!» дейді. Еңбегі жоғары бағаланғанына қуанған адамның көздері жайнап кетеді. Артынша патша: «Сосын 20 дүре соғыңдар»,- деп бұйырады. Әлгі кісі: «Тақсыр, не үшін?»,- дей бергенде нөкерлер екі жағынан жетектеп, кете барады. «Неге?» дегендей патшаға жалтақтап қарап бара жатқанында патшадан жауап келеді: «Мына өнеріңді жетілдіру үшін жұмсаған 20 жылыңның әрбір жылы үшін бір алтын берілуін бұйырдым. Бірақ 20 жылды осындай пайдасыз нәрсеге жұмсағаның үшін әр жыл үшін бір дүре соғуды бұйырдым»,- дейді.
Сұхбат...
Малаяни
Адамның дініне де, дүниесіне де пайдасы тимейтін іс, бос сөз, қажетсіз нәрсемен айналысуы – малаяни деп аталады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Аллаһу та’аланың бір құлын жақсы көрмеуінің белгісі – оның малаянимен уақыт өткізуі». (И. Раббани)
«Қиямет күні күнәсы ең көп болатындар малаяни сөйлегендер». (Әбу Наср)
«Пайдасыз нәрселермен уақыт өткізген адамның қатесі, күнәсы көп болады». (Әл-Аскери)
«Адамның мұсылмандығының сұлулығы – малаяниден қашуы және қажетті нәрселерді жасауынан аңғарылады». (И. Раббани)