Рамазан сұхбаты... Ораза тұтқанда
Бір ғибадатты жасаған кезде ол ғибадаттың парыздарын, уәжіптерін, сүннеттерін, мәкрухтарын және муфсидтерін, яғни бұзатын себептерін білу керек. Бұларды білмесе жасаған ғибадаты дұрыс болмайды. Тіпті ғибадат жасадық деп ойлағанымыз, бұзылған болып немесе тіптен ғибадат болудан шығып кеткен болады.
Мәселен оразаның парыздарының бірі оразаның басталу уақытынан аяқталу уақытына дейінгі аралықта оразаны бұзатын нәрселерден тыйылу. Басталған уақытынан кейін немесе аяқталу уақытына дейін бірнәрсе жеп ішетін болса ораза бұзылады.
Сондықтан да оразаның парыздарын, мәкрухтарын және муфсидтерін, яғни оразаны бұзатын және бұзбайтын себептерді жақсылап үйреніп алу қажет.
Оразаны бұзбайтын бірақ сауабын азайтатын нәрселерден де сақтану керек. Ораза ұстағандарға уәделенген үлкен сауаптарға қауышу үшін хадис шәрифте білдірілген мына нәрселерге де мән беру керек. Хадис шәрифте былай бұйырылды:
«Бес нәрсе оразаның сауабын жояды: Өтірік айту, сөз тасу, ғайбат, басқа әйелге құмарлықпен қарау және жалған ант ішу».
ОРАЗАҒА НИЕТ: Бір күн бұрын күн батқаннан кейін, ораза күнгі “дахуа” уақытына (түскі уақыттан бір сағаттай бұрын) дейін Рамазан оразасына көңілменен ниет ету фарз. Имсак уақытынан бұрын ниет еткенде “ниет еттім ертеңгі оразаны тұтуға”, ал имсактан кейін болса “ниет еттім бүгінгі оразаны тұтуға” деп айтылады. Әр күні бөлек бөлек ниет ету керек.
СӘРЕ ТАМАҒЫ: Сәре тамағын жеу өте пайдалы. Ешқандай бір үзірі жоқ болса қалдырмаған жөн. Тойғаннан кейін тамақ жеу басқа кездерде харам болғанымен сәреде харам болмайды. Хадис шәрифте былай делінді: «Сәреде бір жұтым тамақ жеген адамға жиырма жылдық ғибадат сауабы жазылады. Екі жұтым жегеннің дәптеріне алпыс жылдық ғибадаттың сауабы жазылады».