Untitled Document

Рамазан сұхбаты ... Зекет беру

Зекет беру Құран кәрімнің 32 жерінде намазбен бірге бұйырылады.

Жауапты адам, яғни ақылы толық, азат мұсылман адам шарттары сай келсе зекет берулері керек. Зекет кедейлердің байлардағы ақысы болып табылады. Зекет бермегендер бұл ақыны өтемегендіктен, яғни ғибадат жасамағандықтан күнәһар болады.

Зекетке қатысты негізгі мәліметтер:

Зекет мөлшері: 20 мисқал, яғни 96 гр алтын немесе осы бағада ақша немесе сауда заты. Зекет мөлшерінде (96 гр құнында) ақшасы (алтындары), сауда тауары бар адам бай деп саналады. Саудаға салынбайтын үйлер, жер, құралдар, үй жиһаздары зекет затына кірмейді.

Зекет берудің парыз болуы үшін зекет мүлкінің байлық мөлшеріне жеткенінен бастап бір жылдан кейін де мүлкінде болуы керек. Яғни бір адамның саудадағы заттары, ақшасы 96 гр алтынның құнына жеткен күннен бастап бай деп саналады. Сол күнді күнтізбеге белгілеп қояды немесе есіне сақтап алады. Келесі жылы дәл сол күні ақшасы және саудадағы заттары әлі де 96 гр алтынның құнынан асып тұрса соның қырықтан бір бөлігін зекет ретінде кедейлерге беруі парыз болады. Байлық мөлшерінен аз болса берілмейді. Зекеті берілетін заттардың немесе ақшаның жыл ішіндегі азайып-көбеюі маңызды емес.

Зекет табыстан емес, жалпы сауда затынан немесе ақшадан беріледі.

Құжатты және құжатсыз алынатын алашақтар мөлшер есебіне кіргізіледі. Қарыздарды алғаннан кейін зекеті беріледі, алмай-ақ беруге де болады. Берілетін қарыздар қолдағы ақша немесе заттан шығарылады. Қалғанының зекеті беріледі.

Зекет мешіт, қайырымдылық ұйымдары, үйірме сияқты жерлерге берілмейді. Зекет кедей мұсылмандарға беріледі.

Зекет сауда затынан беріледі. Оның орнына басқа зат беруге болмайды. Мысалы, кілемші азық бере алмайды. Зекетті сауда затынан беруге болады және бағасын есептеп алтынмен де беруге болады.

Зекет кімдерге беріледі?

Бай мұсылман өз анасына, әкесіне, аталарына, әжелеріне, балаларына, немерелеріне, әйеліне және кәпірге зекет бере алмайды. 

Кедей болу шартымен адам келініне, күйеу баласына, қайын атасына, енесіне, өгей баласына зекет беруіне болады. Кедей бауырына, көке, әпке, аға, нағашы әпкелеріне зекет беру сауапты болады.