Ғибрат... Құрма ағашының боздауы
Пайғамбарымыз жұма күндері мешіттегі “Ханнанә” деген құрма ағашына сүйеніп, хұтба оқитын. Кейіннен үш баспалдақты мінбер жасатады. Пайғамбарымыз бен сахабалары бір жұма күні Мәсжиди Нәбиге жиналады. Пайғамбарымыз хутба оқуға мінберге шыққан кезде бұрын сүйеніп тұратын құрма ағашы барлық адам еститіндей түрде буаз түйенің шығаратын дауысына ұқсас дыбыс шығарады. Барлық сахабалар бұл дыбысты естиді. Дауыс тоқтамай шыға береді. Сосын пайғамбарымыз мінберден түсіп, қолымен құрма ағашын сипайды. Сонда барып, дауыс тоқтайды. Құрғақ құрма ағашының пайғамбарымызды сонша жақсы көретінін көрген сахабалардың көзінен жас парлаған еді.
Осы оқиға туралы хазіреті Әнәс бин Малик «Мешіттің өзі оның дыбысына теңселіп кетті» дейді, Ибн Әби Уәда (радиаллаһу анһ) «Құрма ағашы шытынап, орнынан қозғалды. Пайғамбарымыз келіп, оған қолын қойғаннан кейін ғана басылды» дейді. Пайғамбарымыз «Аллаһу та’алаға ант етемін, егер оны сипамағанда маған деген сағыныштан қияметке дейін солай жылап тұрар еді» деген.
Сұхбат... Сәре асы
Сәреге тұрмай ораза ұстау күнә емес. Бірақ сәреге тұру өте сауапты іс.
Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Сәреге тұрыңдар, сәреде береке бар». (Бұхари)
«Сәреде тамақ жеу арқылы ораза тұтуларыңа жәрдемші болыңдар!» (Бәйһақи)
«Сәреге тұру – Аллаһтың сендерге жаудырған берекесі, оны жіберіп алмаңдар!» (Нәсаи)
«Жегендері халал болу шартымен есепке тартылмайтын үш адам мыналар: ораза тұтқан, сәре асын жеген және Аллаһ жолында күзетшілік еткен адам». (Нәсаи)
«Мүминнің сәресінің құрмамен болғаны қандай тамаша». (Әбу Дауд)
«Сәре асы – қасиетті. Сәре толығымен береке. Бір жұтым су үшін болса да, сәреге тұрыңдар! Аллаһу та’ала және періштелері сәреге тұрғандарға сәлем береді және дұға етеді». (И. Ахмед)