Жалғасы... Ерекше жеміс – құрма (2)
Құрмамен топырағымыз бір болғанындай басқа да ұқсастықтарымыз бар. Құрманың да еркегі, ұрғашысы болады. Балалары анасының кеудесінен шығады. Көшеті кесар отасы іспетті аналық ағаштың кеудесінен кесіп алынады. Мүмкіндігінше анасымен байланыс болатындай жақын қашықтыққа отырғызылады. Ұзаққа отырғызса көшет өспейді. Белгілі мөлшерде өскеннен кейін басқа жерге ауыстырылады. Сүйегін ексе өніп шығады, бірақ ағаш болмайды. Құрма алғашқы жемісін 5-6 жасында береді. Шамамен 60-80 жыл бойы өнім береді. Адамның басы кетсе өлетіні сияқты, құрма ағашының да төбесі (негізгі бұтасы) кесілсе өледі. Бұл бөлігі сарғыштау келеді, жіңішке бұталардың арасында болады. Басқа бұтақтарын бұтауға болады, бірақ мұны мүлдем кесуге болмайды. Ұрғашы ағаштар нәзік келеді және шаштарын (бұтақтарын) кеңінен жаяды. Еркек ағаштар тік бойлы, ұзындығы 10 метрден асады. Кейде тым ұзарып 35 метрге дейін барады.
Құрма ағаштары ақпан айында гүлдейді, еркек ағаштың гүліндегі тозаңдар, ұрғашы ағаштың гүлдеріне жеткізілмесе жеміс шықпайды. Білетініміздей бұл тозаңдану үрдісі аралар мен көбелектерге тиесілі. Маусым айынан бастап балғын құрмалар, ал шілде мен тамыз айларында кепкен құрмалар теріледі. Бір ағаш орташа есеппен 80-90 кг жеміс береді, ал кей түрлері 200 кг аса өнім береді. Басқа бүкіл жемістер ұзақ тұрса, бұзылады, шіриді. Ал құрма құрттауы мүмкін, бірақ ашымайды, шірімейді. Құрманың құрамында адам ағзасына қажетті минералдар, дәрумендер, протейн, май, шекер барлығы бар. Айша анамыз пайғамбарымыздан «Немен қоректенетін едіңіз?» деп сұрағанда: «Көбінесе сүтпен және құрмамен» деген.