Мәлімет... Ерекше жеміс – құрма (1)
Рамазан айында дастарханнан үзілмейтін азық – құрма, дінімізде өте маңызды орын алады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) құрмамен ауыз ашатын еді. Хадис шәрифінде: «Оразаларыңды құрмамен ашыңдар, өйткені ол береке. Егер құрма табылмаса онда сумен ауыз ашыңдар, өйткені ол тазалаушы», - деген. (Ибн Мажә)
Құрманың 150-ге жуық түрлері бар. Мәбрум, сафауи, худри, суккария, мәджул, суғаи, анбер, тадут, сафран, аску зәйд, сәйхания т.б. Кейбірі хош иісті, кейбірі сағыздай созылғыш, кейбірі жұмсақ, кей түрінің шекері аз болып, әрбірінің өзіндік ерекшеліктері бар. Әйтсе де бәрі талшықты. Диетологтардың жеуге кеңес беретін азық түрі. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Аллаһу та’ала (періштелерге) топырақты електен өткізуді әмір етті. Таза және ұсақтарынан хазреті Адам жаратылды, електе қалғандарынан құрма жаратылды». (Әнуарун-Нумания)
«Хазреті Мәриям Иса алейһиссаламды туғаннан кейін құрма жеді. Егер құрмадан да пайдалы нәрсе болғанда Аллаһ (жәллә жәлалуһ) Мәриямға соны берер еді». (Рамузул-Әхадис)
Бір мүшрік пайғамбарымызға жанып, күйген құрма бұтағын әкеліп, «мынаны отырғызыңдар, егер көгерсе, иман келтіремін» дейді. Пайғамбарымыз бұтақты қолына алып жерге қадайды. Бұл бұтақ көгеріп жеміс береді. Құрманың «ажуа» деп аталатын түрі осы ағаштың жемісі. Расулуллаһ алейһиссалам «бәрни» құрмасын да жақсы көргендігі айтылады.