Аңыз... Бурабай
Ертеректе Көкшетау жерінде аппақ, әдемі бура мекен етіпті. Ол өзгелерден саяқ, жалғыз жүретін. Бура қалың орман ішін кезіп, шөліркегенде Күміскөлге келіп шөлін басатын еді. Күміскөл - оның тыныстайтын сүйікті жері. Бура ерекше қасиетке ие болған. Елге қауіп-қатер, соғыс, жұт төнгенде, боздап, елдің тынышын алатын. Оның белгісіне үйреніскен халық бураны айрықша жақсы көріп, қадірлеген.
Күндердің күнінде елге зұлым жау шабады. Бура әдеттегідей белгі беріп, бәрі тығылып үлгеріп, жан сақтап қалады. Бәріне бура себеп екенін білген зұлымдар оның ізінен түсіп, өлтірмек болады. Ну орманда жүрген бура зәлімдерге кез болады. Олардың бірі садағын кезеп, дәл бураның жүрек тұсын көздейді. Садағын атып кеп жібергенде жебе кеуде тұсынан кіріп, өркешінен шығады. Жан дауысы шыға аңырап, боздаған бура зұлымдарға қарай жүгіреді. Атына қамшысын басқан олар бытырай қаша жөнеледі. Бір сәтте бура кері бұрылып, Күміскөлге беттейді. Сүйікті мекеніне келіп, жата кетеді. Осылайша жан тапсырады. Мұнан кейін жұрт бұл жерді Бурабай атап кеткен деседі.
Күлімдейік...Есек пен түлкі
Есек пен түлкі әңгіме барысында шөптің түсіне қатысты сөзге келеді. Түлкі шөпті жасыл десе, есек сары дейді. Осылайша біраз сөз таластыра отырып, шешімге келе алмаған соң аң патшасы - арыстанға келеді. «Патшам, сізден төрелік сұрап келдік. Есек екеуміз таңнан бері айтысып отырмыз. Ол шөптің түсін сары дейді, ал мен жасыл деймін. Шынайы төрелігін сіз айтыңызшы»,- дейді түлкі. Арыстан ойлана отырып, нөкері қасқырларға: «Есекті еркіне жіберіңдер, ал түлкіге 30 дүре соғыңдар»,- дейді. Сонда түлкі: «Патшам, меніңкі дұрыс емес пе, шөптің түсі жасыл емес пе?!»,- дейді. Арыстан: «Иә, шөптің түсі жасыл, менің берген жазам сеніңкі дұрыс болмағаны үшін емес. Есекпен сөз таластырғаның үшін»,- деген екен.