Untitled Document

Әдеп-ахлақ... Сөз таластыру

Кез-келген мәселеде үнемі өзінікі дұрыс екенін дәлелдеу үшін алдындағы адамның көңіліне ауыр тиетіндей сөздер айту, ренжіту – жаман қасиеттердің бірі. Мұндай қасиеттерге сөз таластыру, айтысып-тартысу, салғыласу, дауласу делінеді.

Сөз таластыру, дауласудың көптеген зияндары бар. Сөз таластыру – достардың достығын азайтады, дұшпандардың дұшпандығын арттырады. Өзгенің сөзін қабылдамай, үнемі “Жоқ, олай емес!” деп салғыласуды әдетке айналдыру – ең жаман қасиет. Мұндай қасиеттер өзгелерден өзін жоғары санайтын, тәкаппар адамдардың бойында көбірек кездеседі. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Сөйлесіп жатқанда сөз таластырмайтын және бос сөз сөйлемейтін адамға жаннатта бір сарай салынады. Өзінікі дұрыс болса да үндемеген адамдарға да бір сарай салынады».

«Өзінікі дұрыс болса да салғыласудан бас тартпайынша ол кісінің иманы толық болмайды». 

Демек, адамның қандай да бір мәселеде өзінікі дұрыс болса да сөз таластыруды, дауласуды ұзатуы жақсы емес, тіпті өте жаман. Сонымен қатар, орынсыз жерде кісі айыбын бетіне басу да харам. Өйткені оның айыптарын бетіне басып айтумен оны ренжіткен, көңіліне қаяу түсірген боламыз. Өзгелерді бостан-босқа ренжіту жаиз емес. Дінімізде осы сияқты жағдайларда біреудің айыбын, кемшілігін айту парыз емес. Ондай кездерде үндемеу иманның кемелділігін көрсетеді. Егер сөзімізді тыңдайтынын, құптайтынын білетін болсақ, насихат жолымен түсіндірген жөн. Ал егер тыңдамайтын, қасарысатын адам болса, үндемеген жөн. Хадис шәрифте: «Адасқан қауымдардың барлығы дін мәселесінде бір-бірлерімен таласып-тартысқаны үшін адасқан»,- делінген.