Untitled Document

Күннің тарихы... Дүниежүзілік бүйрек күні

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша жер шары халқының 10 пайызы бүйрек ауруларының зардабын шегуде. Елімізде бұл көрсеткіш 12 пайызды құрайды. Дүние жүзі бойынша 2 миилоннан астам адам гемодиализ және бүйрек ауыстырып орналастыру секілді емдік шаралармен тіршілік етуде. Алдағы он жыл ішінде бұл сан тағы екі есеге артуы мүмкін деген болжам бар. Ал елімізде жеті мыңнан астам адам гемодиализдік емдік шараға тәуелді. Халықты жыл сайын қарқыны күшейіп көбейіп келе жатқан бүйрек ауруларының алдын алуға, бүйрек саулығына немқұрайлы қарамауға жұмылдыру ниетімен 2006 жылдан бері 90-нан астам елде, жыл сайын наурыз айының екінші бейсенбісі «дүние жүзілік бүйрек күні» деп аталып өтуде. 

Бүйректеріміздің әрбірі шамамен 10-12 см және  150-200 грамм салмақты құрайды. Қан мен сүйектеріміз үшін қажетті гормондарды бөлумен қатар, 24 сағат жұмыс істеп мың литрге жуық қанды сүзгіден өткізеді, қан қысымын реттейді және денеден зиянды қалдықтарды шығарады. Осыншалықты өмірлік маңызды мүшенің саулығы бірінші ретте қарастырылуы қажетті мәселе. Дәрігерлер бүйректің 70-80 пайыздық деңгейде зақымданға дейін белгі бере бермейтіндігін айтып, тексеріліп тұруға кеңес береді. Әсіресе 40 жастан асқандарға жылына бір рет тексеріліп тұрғаны жөн. Бүйрек жетіспеушілігі ерте анықталған жағдайда алдын алуға болатын және ілгерілеуін тежеуге болатын кесел. Ал асқынған жағдайы мүгедектікке, тіпті одан да қайғылы нәтижеге апаруы мүмкін.