Untitled Document

Сұхбат... Ақыл тоқтап, иманның басталған жері

Әрбір қасиетті түн құнды, қадірлі болып келеді. Бірақ миғраж түнінің ерекше қасиеті бар. Ол - қасірет пен қуаныштың тоғылысқан түні. Пайғамбарымыз бір ай Таиф қаласында исламды уағыздайды, ешкім сенбейді, мазақ етіп балаларға тас атқызады. Ренжулі, мұңлы күйде қайтып келе жатып бір баудың шетіне отырып демалады. Аддас атты баудың бағбаны жүзім алып келеді. Пайғамбарымыз: «Бисмиллаһиррахманиррахим», - дегенде Аддас таң қалады: «Бұл аймақтардан әлі бұл сөзді естімеген едім»,- дейді. Пайғамбарымыз: «Сен қайдан боласың?»- деп сұрағанында: «Ниневияданмын»,- дейді. «Сен бауырым Юнустың елінен екенсің, ол да мен секілді пайғамбар еді»,- дейді. Аддас: «Юнусты бұл жерлерде ешкім білмеуші еді, бұл көркем сөздердің иесі өтірікші болуы мүмкін емес»,- дейді де иман келтіреді. «Мен де сізбен барғым келеді»,- дейді. Пайғамбарымыз: «Қазірше сен осында қал, жақын арада есімімді барлық жерден еститін боласың, сол кезде маған кел»,- дейді. Бір ай бойы ешкім сенбей, қайтар жолында бір адам ғана иман келтіреді.

      Түн ауа ағасының қызы Уммиханидің үйіне келеді. «Бұл мен Мұхаммедпін»,- дегенде Уммихани: «ертерек хабар бергеніңізде бірнәрсе дайындап қояр едім, енді дастарханға қояр ешнәрсе болмай тұр»,- дейді. Пайғамбарымыз: «Ниетім тамақ емес, Раббыма ғибадат ететін жер болса маған жеткілікті»,- дейді. Аллаһу та’ала Жәбрейіл алейһиссаламға: «Хабибім мынадай халде де маған жалбарынуда, қатты ренжулі, оны мен жұбатамын, бар хабибімді маған алып кел»,- деп бұйырады. Алдымен Ақса мешітіне барады, бүкіл пайғамбарларға имам болады. Кейін көктерге көтеріледі. Аллаһу та’аланы білінбейтін, түсінілмейтін түрде, уақытсыз, мекенсіз көреді. «Йа, Раббым, үмметім үшін де осыны қалаймын»,- дейді. Осы түні бес уақыт намаз бізге миғраж ретінде берілді.

      Миғраж ақылдың тоқтап, иманның басталған күні. Аллаһу та’ала намаз секілді ниғметті адамдарға ихсан етті. Намаз – Аллаһ сүйіспеншілігін арттырады, дұғаның қабыл болуына себеп болады. Намаз бар болса, өмір бар. Намаз жоқ болса өмір жоқ. Бес уақыт намаз оқудан махрұм болған адам барлық нәрседен махрұм деген сөз.