Untitled Document

Салт-дәстүр... Құсбегілік

Құсбегілік – бүркіт, ителгі, қаршыға, қырғи, тұйғын, тұрымтай, сұңқар, лашын, жағалтай сияқты жыртқыш құстарды қолға үйретіп, аңға, құсқа салатын саятшылық өнер.

Құсбегілер қыран құсты тор құрып ұстайды немесе қарақанат балапан кезінде ұядан алады. Оның аяғына балақбау мен шыжым тағып, көзіне томаға кигізеді. Құсты әуелде шыжыммен ұшырып, қайыруы жеткен соң семіртіп түлетеді. Бұдан кейін құсты ақжеммен асырап, бос керілген арқанға қонақтатып, ұйқысын алып арытады. Жеңіл ұшып, жеңіл қонатын күйге келгенде аңға салады.

Құсбегілік әсем табиғат аясындағы көңілді, әсерлі қызығы мол демалыс болып табылады. Ел ішіндегі ит жүгіртіп, құс салған, қақпан-тұзақ құрып, тор жайған жалғыз-жарым аңшылықты айтпағанда, көшпелілер арасында бүкіл ру-тайпа болып қотарыла көтерілетін, сөйтіп байтақ өңірді қаумаласа сүзетін аңшылық дәстүрлері болған.

Сонау ерте заманнан-ақ қазақ халқы табиғатпен етене қойындас болғандықтан аң-құстың қасиетін айыруға жүйрік болған. Ғасырлар бойы жинақтаған мол тәжірибесін, әсіресе, кейінгі ұрпаққа үйретуге айырықша мән берген. Қазақ аңшылары өздерінің таным-тәжірибесінің арқасында аңшылық-саятшылық үшін жүйрік ат, қыран құс, құмай тазы сияқты жан-жануардың тілін таба баптап, қалауына көндіре алған. Осылардың ішінде қыран құстарды баптаудың ғасырлар бойы жинақталған мол тәжірибесі - шын мәнісінде әрі өнер, әрі терең біліктілік.