Сұхбат... Ең құнды ғибадат – намаз
Хазреті Әли Хафыз шәкірттеріне сабақ беріп отырып, мына тәмсілді айтып береді: «Жәбрейіл алейһиссалам 4000 жылда екі рәкат намаз оқыған екен. Намазын бітіргеннен кейін көңіліне “Аллаһу та’аланың құлдары арасында мен сияқты намаз оқыған жан бар ма екен?” деген ой өтеді. Аллаһу та’ала “Мұхаммед алейһиссаламның үмметінен әртүрлі құсырмен, кемшілікпен орындалған екі рәкат намаз, сенің орындаған осы 2 рәкат намазыңнан мақбул (қайырлы). Өйткені мен саған намаз оқы деп әмір етпедім. Ал оларға әмір еттім және мүкәлләф (яғни жауапкер) еттім. Олардың әміріме мойынсұнып орындайтын намазы маған өте жағымды, мақбул деген екен. “Мақбул” деген “қабыл болған”, “қабылданған” деген сөз. Сонымен қатар әһли сүннет ғалымдары былай деген: “Жәбрейіл алейһиссаламға мұндай әмір берілмеді және періштеде нәпіс жоқ. Ал адамда нәпіc бар, нәпіс болса, әмірге мойынсұнуды қаламайды. Яғни адамдар дүниедегі әртүрлі жағдайларға төтеп беріп және нәпсімен күресу арқылы орындаған екі рәкат парыз намазы періштенің намазынан да қадірлі болады.
Намаз уақыты кірген кезде дереу намаз оқу керек, басқа істермен айналыспау керек. Өйткені намазға кедергі болатын істе қайыр жоқ.
Ең құнды ғибадат – намаз. Өйткені намаз Аллаһу та'аланы күнде еске түсіретін зікір. Зікір – еске алу, ойлау деген сөз. Бес уақыт намаз тек бес рет қана еске түсірмейді. «Намазға қанша уақыт қалды, әлі бір сағат бар, он минут қалды, дәрет алайын» деген сияқты ойлар арқылы Аллаһу та'ала күніне бес рет, бірақ әрбірінде бірнеше рет еске алынған, яғни зікір етілген болады.